Қостанай облысында қауіпті жүк тиеген қос вагон күзетке алынды. Бұл ақпарды
төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растап отыр. Вагондардағы жүк туралы оларға шекарашылар хабарлаған. Қапшықтарға салынған
түсті металл кенінде шамадан тыс радиация толқындары таралып тұрғанын, Тобыл
станциясында жүргізілген тексеру анықтады.
Қазір вагондар тіркемеден ағытылып,
Құсмұрын бекетіндегі тұйық жолға қойылған. Ресми ақпарға сай, Маңғышлақ
стансасынан шыққан екі вагон Көкшетауға жеткізілуі тиіс екен. Осы оқиғаға
байланысты Әулиекөл ауданында арнайы штаб құрылып, қауіпті жүктен қалай
құтылудың жолдары қарастырылып жатқан көрінеді.
Мұрат Қуанышбаев, Қостанай облыстық азаматтық қорғаныс басқармасы
басшысының орынбасары:
Құсмұрын станциясына әкелінген соң, вагондар елді мекеннен аулаққа
апарылып, арнайы күзетке алынды. Яғни тұрғындарға зардабын тигізбеудің барлық
амалдары жасалған. Металл кені қапшықтарға салынғандықтан, ауаға таралмайды,
сондықтан қоршаған ортаға да зиянын тигізбейді.
Заңғар САНАЙ