$485.11 €523.82 ₽5.02
×

«Нұр Отан» партиясы «Қауіпсіз аула» акциясының кезеңаралық қорытындысын жариялады

AstanaTV
04.11.2014ж. 20:00
1878
«Нұр Отан» партиясы «Қауіпсіз аула» акциясының кезеңаралық қорытындысын жариялады

«Нұр Отан» партиясы «Қауіпсіз аула» акциясының кезеңаралық қорытындысын жариялады. Еске салайық, еліміз бойынша бұл игі шара бес ай бұрын «STOP-қылмыс» жобасы аясында бастау алған болатын. Осы уақыт аралығында 12 мыңнан астам аулаға зерттеу жүргізіліп, 32 мың көшенің қауіпсіздігі қаперге алынған.

Бұл төңіректі рудныйлықтар жерұйыққа балайды. Өйткені дәл осы жер - шағын шаһардағы ең таза, көрікті, көпшілікке қауіпсіз аумақ болып саналады.

Мукарама Ахмедшина, «Лахта» ЖПТК төрайымы:

Бұл жер керемет емес пе? Балғындарымыз күні бойы осы аулада ойнайды. Ата-аналары да алаңсыз. Тұрғындардың көңілі көтеріңкі. Олар билеуші партия тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа дән риза.

«Қауіпсіз аула» акциясы аясында өзгеше көрікке енген аулада балалар алаңқайы мен спорт алаңы бой көтерді. Жарық шамдар мен жайлы орындықтар орнатылған. Бес ай бұрын қараңғы және қауіпті болған төңірек қазір тұрғындардың құтты мекеніне айналды. Игі мақсатқа Рудный қаласының қазынасынан 19 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар бірнеше аулаға жылдамдықты шектеу, «жүруге тыйым салу» жол белгілері қойылған. Қазір бұл аумақтар полицейлер мен партия белсенділерінің жіті бақылауында.

Самат Байғожин, «Нұр Отан» партиясы Рудный қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

Учаскелік полиция мен біздің қалалық филиалдың белсенділері бірлесіп, әрбір қараңғы ауланы зерттеп шықты. Оған, мінекей, қалалық әкімдік қолдау көрсетіп, қаншама жұмыстар жүріп жатыр. Ел қуанып жатыр. Жастардың кешкі уақыты бар. Олар алаңға барып доп ойнап, бір-бірімен танысып жүр.

Павлодарда да өркениеттен жұрдай аулалар баршылық. Олардың кейбірінде асфальт та, балалар ойын алаңы да болмаған. Жауын жауса, көпшілік батпақтан көз ашпайтын деп еске алады жас отандық белсенді Борис Поломарчук. Солар қазір адам танымастай, өзгерді. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен акция аясында аумақ толықтай жаңартылып, жаңа кейіпке енген.

Борис Поломарчук, «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі:

Қазір аула жақсы жағдайда. Ата-аналар балаларымен шығып демалып, тыныға алады. Аулаға арнаулы қызметтік көліктер емін-еркін кіріп шығады. Тұрғындар көліктерін еш ақаусыз, аулаға қаңтара алады. Меніңше, мұндай шаралар қажет. Әсіресе ол тұрғындар үшін тиімді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған «STOP-қылмыс» жобасы еліміздің әр аймағында ерекше қолдау тапты. Мәселен, акция шеңберінде елордада 652 аула мен 1 мыңнан астам көше зерттеліп, көпшілікке қауіп төндіретін төңіректер анықталған. Рейдтік шара барысында аула маңындағы тазалыққа атүсті қараған копператив төрағалары Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 250 мың теңгеге жуық айыппұл төледі.

Республикалық шара Сыр өңіріне де шарапатын тигізді. Ауқымды акцияға Қызылорда қаласының 27 ауласы мен 18 көшесі ілікті. Отызға жуық кәріз құдықтарының қақпағы жоқ екені анықталды. Ауланың көбісіне арнайы жол белгілері жетіспейтіндігі белгілі болды. Партия белсенділері осы олқылықтарды жою үшін, тиісті мекемелерге хат жолдады.

Заңғар САНАЙ, Әсемгүл МҰҚИТҚЫЗЫ