$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Ата-ана қарсы болса, балаға папилломаға қарсы вакцина егілмейді

AstanaTV
05.11.2014ж. 10:00
1383
Ата-ана қарсы болса, балаға папилломаға қарсы вакцина егілмейді

Адам папилломасы вирусына қарсы екпе жасату міндетті емес. Ол ерікті түрде, баланың ата-анасының рұқсатымен ғана жасалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Серікбол Мусин мәлімдеді.

Шенеуніктің айтуынша, қазір елімізде 21 түрлі дерттің алдын алу бойынша міндетті екпе жасалып жатыр. Ал 11-12 жас аралығындағы қыз балаларға жасалатын екпені жасатуға қатысты еліміздің денсаулық сақтау ведомствосы ешкімді мәжбүрлемейді.

Серікбол Мусин, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

Адам папилломасына қарсы екпе бұл ерікті вакцинация. Ол пилоттық режимде өтіп жатыр. Егер де ата-аналар, баланың өзі қарсы болса онда екпе жасалмайды.

Бұған дейін, өткен жылы Павлодар облысында жатыр мойыны обырына қарсы екпе алған екі қыз ауруханадан бір-ақ шыққанын жаңалықтарымызда айтқан едік. Жетінші сынып оқушылары вакцинаны қабылдап үлгермей жатып, есінен танып қалған. Аяқ-қолдары тартылып, тыныс алуы қиындаған Майқайын кентінің тұрғындары шұғыл түрде Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілген. Мамандар ауыр халдегі 12 жасар қыздарды жансақтау бөліміне жатқызды. Үш күн бойы ес-түссіз қалған жасөспірімдер ажал аузынан қалған-ды. Ол кезде қыздарына екпе жасауға рұқсат берген аналар «жағымды жарнама» мен дәрігерлердің «зияны жоқ» деген сөзіне сеніп қалдық деп, түсіндірді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ