Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы мемлекеттік
мұнай-газ саясатының сыр беруінен орын алды. Осындай қатқыл сынын бүгін
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров та айтты.
Оны
жанармай дағдарысына жол берген тұлғалар анықталды ма деген сұрақ қызықтырады.
Депутат сауалын Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына жолдады. Сондай-ақ
Қоңыров Премьер-министрден төртінші мұнай өңдеуші зауыт құрылысынан бас тарту
себептерін түсіндіруді талап етті.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты, «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі:
Төртінші МӨЗ құрылысынан бас тарту шешімі
қабылданды. Бұл қисынсыз шешім деп есептейміз, себебі жаңа МӨЗ жалғыз
өндірістің ұлғаюына ғана емес, сонымен қатар бәсекелестік деңгейін арттыру үшін
де қажет. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған төртінші МӨЗ
құрылысынан бас тарту шешімі қандай себептерге байланысты қабылданды? Ішкі
нарықта мұнай өнімдерінің бағасы бойынша қандай ұзақ мерзімдік мақсатты
бағдарлар бар? Мұнай өнімдерін сату нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін,
қандай шаралар қабылданып жатыр?
Сондай-ақ бүгін Мәжілістің Алқа жиналысында 2018
жылдан бастап еліміздегі барлық базарлар ірі сауда орталықтарына көшірілетіні
белгілі болды. Бұл жаңалықты Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев
мәлімдеді. Айтуынша, даладағы базарлар халықаралық стандарттарға
сәйкестендірілмек. «Бүгінгі таңда министрлік
жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, дайындық жұмыстарына кірісіп кетті»,
- дейді ведомство басшысы.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Біз заң жобасын дайындап жатырмыз. 2018 жылдан
бастап базарларды көшіру жайында арнайы заң болады. Біз қазір жергілікті
әкімшіліктермен, орталық органдармен осы жұмысты өткізіп жатырмыз.
Сондай-ақ «Сауда қызметін реттеу мәселелерi
бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасын таныстырған
министр, электрондық саудамен айналысатындарға жауапкершілік күшейтілетінін
айтты. Тауардың сапасы төмен болса, интернет дүкендердің қожайындары жауап
береді деді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында статистиканы сөйлеткен
Ерболат Досаев қазақстандықтардың тең жартысы интернет-дүкендер арқылы сауда
саттық жасайтынын айтты. Сондықтан тұтынушылардың құқықтарын қорғау керек деген
сенімде. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА