«Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын әзірлеу
жөніндегі жұмыс тобы жұмысын қорытындылады. 17 беттен тұратын құжат дайын.
Енді оның партияның Саяси кеңесінде бекітілуі жоспарлануда.
Қоғамды
жемқорлықтан барынша арылтуды көздеген бағдарламаның басты ерекшелігі - онда
жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарымен күресуге емес, оны туындататын
жағдайлардың алдын алуға баса назар аударылған. Құжат қоғам назарына биылғы
жылдың шілде айында ұсынылған болатын.
Сол уақыттан бері жобаны талқылауға 800
мыңнан астам адам қатысты. Бағдарлама бағыттары алты мыңға жуық бастауыш партия
ұйымы мен партияның өңірлердегі Саяси кеңестерінің 246 отырысында талқыланды.
Сонымен қатар сарапшылармен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен 300-ге жуық
кездесу ұйымдастырылды. Талқылаулар нәтижесінде сарапшылар мен қоғам өкілдері
және интернет қолданушылардан 900 толықтыру түскен. Сөйтіп бағдарлама жобасы 40
пайызға жетілдірілді.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының
бірінші орынбасары:
Жобаны талқылауға 800 мыңнан астам адам қатысып,
900-ден астам ұсыныс түсті. Сол ұсыныстар негізінде құжат 40 пайызға
жетілдірілді. «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық
коалициясының мүшелері, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстанның Азаматтық
альянсы» қолдап, сонымен қатар Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясы
бірауыздан мақұлдады.
Аталмыш құжатта жемқорлыққа қарсы мәдениет
қалыптастыру және қоғаммен өзара әрекеттесуге айрықша көңіл бөлінеді. Бағдарлама
шынайы бәсекелестік пен кәсіпкерлікті қолдауға да ден қоймақ. Өйтпеске амал
жоқ, өйткені жемқорлық - бүгінде өзекті проблема.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты:
Негізі ол - проблема. Проблема болып қалып қана
қоймай, проблема болып, өсіп келе жатыр. Күнделікті бұқаралық ақпарат
құралдарынан қараңыздаршы, кеше ғана ана генерал ұсталды, оның алдында ана әкім
ұсталды. Сондықтан проблема азайды деп ешкім айта алмайды. Тіпті проблема,
өкінішке орай, көп салада етек жайып келе жатыр. Мәселе осыда. Сондықтан партия
осының бәрін көре отыра, тиісті бағдарламаны қабылдап және оның орындаушысы
ретінде халықты біріктіріп, осы масқараға, осы пәлеге қарсы шығу керек қой.
Бағдарлама практикалық тұрғыдан екі бес жылдыққа
бөлініп жүзеге асырылады. Яғни 2015-2020 және 2025 жылдарға арнайы Жол картасы
жасалады. Әр жыл сайын жұмыс нәтижесі туралы Президентке Баяндама әзірленіп,
сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықты түйсінудің Ұлттық индексі дайындалады.
Аталған құжаттар жыл сайын БАҚ-да жарияланатын болады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ