Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда «Жол жүру ережелері» туралы жаңа заң ел ішінде әлі де қызу талқылануда

AstanaTV
18.12.2014ж. 13:00
1972
Алматыда «Жол жүру ережелері» туралы жаңа заң ел ішінде әлі де қызу талқылануда

Жаңа жылдан бастап күшіне енетін «Жол жүру ережелері» туралы жаңа заң ел ішінде қызу талқылануда. Осы заңдағы көлікті тек арнайы «Тұрақ» деген белгінің астына қою талабы жүргізушілердің наразылығын тудырған еді. 12 жасқа дейінгі балаларды тек автоорындыққа отырғызу немесе елді мекендерде көліктің жарығын жағып жүру сынды өзгерістерге де елдің еті бірден үйрене қоймауы мүмкін. Жалпы, жол жүру ережесіндегі барлығы 20-дан астам өзгерістің ең маңыздылары қайсысы. Мәселеге алматылық тілшіміз үңіліп көрді.

Енді он бес күннен кейін жүргізушілер үшін жол жүрудің жаңа талаптарына бағынуға тура келеді. Қоғам наразылығын тудырған тұстар да аз емес. Көлігі сапырылысқан Алматыда тек «Тұрақ» деген белігісі бар аумаққа ғана автомобильді қою мүмкін бе? Алматыдағы 2 мыңнан астам көшеден арнайы көлік қаңтаратын орындарды саусақпен санап алуға болады, дейді сарапшылар.

Бұл мәселе туралы қоғамдық ұйымдар аталған заң Парламент қарауынан шыққан соң бірден дабыл қаққан болатын. Нәтижесінде Бас прокуратура бұл бапты қайта қарау туралы Ішкі істер министрлігіне пәрмен берді.

Жандос Мұратәлиев, Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Көліктердің өту мүмкіндігі, жол тазалау, авариялық қызметтердің қозғалысы қиындап кетті. Алматы үлкен қала, кіріп-шығатын көлік көп, осыны реттеу үшін тұрақ мәселесін дұрыстау заңды қатаңдату арқылы қолға алынған болатын.

Енді көлік салонында қанша бала отырса, сонша автоорындық болуы шарт. Сәбиден бастап он екі жасқа дейінгі жеткіншек көліктің артқы орындығына жайғасса да, арнайы креслода, белбеу тағып отыруға міндетті. Өйтпеген жағдайда 5 айлық есепті көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейсіз. Бұрын тек елді мекеннен тыс жолдарда көліктің жарығы жануы тиіс болса, жаңа жылдан бастап қала ішінде де көліктің шамын жағу міндеттеледі.

Жандос Мұратәлиев, Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Өзге елдердің тәжірибесінен алынды бұл. Қалада фара жағып жүру өзге көлік иелерінің көруіне мүмкіндік береді. Жол апатын азайту үшін осындай өзгерістер енгізілді.

Бұған дейін жол ережесінің нормаларына сәйкес тас жолда жылдамдықты арттыру сағатына 130 шақырымға дейін рұқсат етілетін. Жаңа заңға сай ортасында жолағы жоқ күре жолдарда жылдамдық сағатына 100 шақырымнан асса, заң бұзушылық болып есептеледі. Бұл алыс сапарға шыққандардың қауіпсіздігі үшін істеліп отыр, дейді заң авторлары. Ал полиция қызметкері жүргізушіні тоқтатқан соң, жүргізуші де, жолаушы да жол сақшысының рұқсатынсыз көліктен шықпауы тиіс.

Сергей Уткин, заңгер:

Заңның шикі тұстары баршылық. Осы ережелерді қарастырған топтың кәсіби деңгейіне өз бағамызды бердік. Тұраққа қатысты бапты қайта қарауға жіберттік. Жалпы алғанда талаптар қатаң. Бірақ, оның ішінде адам қауіпсіздігі үшін жазылған баптар да бар. Тек оның орындалуы жүргізушілерге салмақ болайын деп тұр.

Жаңа жол жүру ережесіне сай енді қала аумағында екінші қатарға көлікті қойып кету бұрынғыдай ескертумен шектелмей, 10 айлық есепті көрсеткіш түріндегі айыппұлды қарастырады. Сол сияқты аэрография, яғни көлік сыртына «сурет» жапсыру 5 айлық есепті көрсеткіш бойынша айыппұл төлеуге мәжбүрлемек. Қысқасы, барлығы 20-дан астам өзгертулер мен толықтыруларды жүргізуші жадына тоқып алуға міндетті. Заң ресми баспасөзде жарияланған соң он күн ішінде күшіне енеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ