$524.24 €612.94 ₽6.68
×

ШҚО-нда Эбола безгегінің таралуына тосқауыл жаттығулары жүруде

AstanaTV
06.11.2014ж. 10:00
1363
ШҚО-нда Эбола безгегінің таралуына тосқауыл жаттығулары жүруде

Өскеменге Мәскеуден ұшып келген ұшақта Эбола вирусына ұқсас белгілері бар жолаушы анықталды. Шығыс Қазақстанда әлемді дүрліктірген дертке қарсы оқу-жаттығу жұмыстары осындай желімен өрбіді.

Өскеменге Ресей арқылы Сьерра-Леоне елінің тұрғыны келді. Сапар барысында жат елдің тұрғыны әуе кемесінің қызметкерлеріне дене температурасының көтеріліп кеткенін хабарлаған.

Белгілі болғандай, жолаушы жұқпалы ауру тараған өңірдің ортасында болған. Ұшақ экипажы бірден әуежай мамандарына мәлімет береді. Ақпаратты қабылдаған шұғыл әрекет ету жасақтары 20 минуттың ішінде әуежай ішіндегі адамдарды далаға шығарды. Эбола вирусын жұқтырған азамат дереу арнайы бөлімшеге жеткізілді. Оқу-жаттығу жұмыстары барысында қауіптілік ережелері қатаң түрде сақталды.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысы індетті жұқтырған 600 адамды оқшаулауға қауқарлы. Өскемендегі халықаралық әуежайдан өтетін барлық ұшақтар қазір қатаң бақыланады.

Әлібек Длимов, ШҚО ТЖД басшысының орынбасары:

Төтенше жағдай бола қалса, біз арнайы инфекционист-дәрігерлерді шақыртамыз. Олар, Эболаның белгілері бар адамға нақты диагноз қойып, оны арнайы бөлімшеге жеткізеді. Кейін сол адаммен байланыста болған басқа жолаушылар тексерістен өтеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН