Екібастұз-Павлодар
тас жолында кеше түнде автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 3 адам қаза тапты.
Қайғылы оқиғаға қалың тұман себеп болуы мүмкін деген жорамал бар. Алайда,
анық-қанығын арнайы тағайындалған сараптама қорытындысы көрсетеді.
Полицейлердің алдын-ала болжамы бойынша, «Фольксваген
Гольф» маркалы көлік Екібастұзға келе жатқан. 43
жастағы жүргізуші басқарған темір тұлпар қаладан 10 шақырымдай жерде
«Қарағанды-Павлодар» бағытындағы жолаушылар автобусымен бетпе-бет
соқтығысады. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен салондағы 20 және 14
жастағы жолаушылар оқиға орнында жан тапсырды. Белгілісі,
марқұмдар -
Солнечный кентінің тұрғындары. Ал автобуста болған 15 жолаушы дін аман. Оқиғаға
қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.
Алма Мұсабекова, Павлодар облыстық
ІІД баспасөз қызметінің бас маманы:
Жол-көлік оқиғасы бойынша қазіргі таңда полициямен
Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жол-көлік оқиғасы
нәтижесінде 3 адам қайтыс болды. Қазіргі таңда осы жол-көлік оқиғасы бойынша
қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізілуде.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ