«Газпром» «Сила Сибири» газқұбырын салу үшін қаражат іздестіруде.
Компания басшысы Алексей Миллердің
айтуынша, «Газпром» мәміле бойынша келісілген алдын ала төлемді қытайлық
CNPС-ден алмайды, деп хабарлайды «Ведомости» газеті.
Белгілі болғандай, құбыр қарызға
алынған ақшаға салынады. Мақалада көрсетілгендей, «Газпром» Қытайдың ұлттық
компаниясынан 770 млрд рубльге тең көлемінде аванс алуға ниеттенген. Алайда, Миллер
«қытайлық алпауыттан алдын ала төлем алу, не болмаса аспан асты елінен ірі
көлемде несие алу деген мәселе күн тәртібінде жоқ. Тіпті «Газпромның» құрылысқа
өз қаражаты да жетерлік», дейді.
Басылымның хабарлауынша, Ресей ұлттық
әл-ауқат қоры да құрылысты демеуі мүмкін. Бірақ,
бұл тек болжам ғана. Жалпы, «Газпромға» бас-аяғы 100 млрд-тан астам доллар қажет.
Еске салсақ, мамырда «Газпром» мен
CNPC Қытайға 30 жылға құны 400 млрд долларға газ жеткізу туралы келісімге
келген. Ресей жылына 38 млрд кубометр газ
жөнелтуі тиіс. Осы мақсатта 1 қыркүйектен бастап жаңа газ құбырының құрылысы
қолға алынды. Оны 2019 жылы іске қосу жоспарланған.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА