Өткен демалыс күндері
Қызылорда-Жезказган тас жолының 250-260 шақырымдары арасында батпаққа батып,
шыға алмай далада қалған 95 адам мен 18 автокөлік құтқарылды.
Жолдың бұл бөлігі Қарағанды облысына
қарасты. Десе де, бірінші болып көмекке Қызылорда облысынан оңтүстік өңірлік
аэромобильдік жедел құтқару жасағы мен төтенше жағдайлар департаментінің
құтқарушылары жетті.
Белгілі болғаны, көліктер бірінен соң
бірі батпаққа батып қала берген. Кейбіреулері
көмекті екі күн күтіп қалған. Оларды батпақтан арнайы техникамен ғана алып
шығуға тура келді. Жолаушылар мен жүргізушілердің барлығының жағдайы жақсы. Ал
құтқарушылар болса, жол бойын күнделікті барлауға көшті.
Талғат Тұрсанов, «Оңтүстік өңірлік аэромобильдік жедел құтқару
жасағы» ММ бас құтқарушысы:
Ауа райы қолайсыздығынан, жаңбыр жауған, қар жауған, балшық боп, еріп,
батпақ болып, үлкен жүк көліктер, микроавтобустар жүрмей батып қалған. Батпақтан шығарылып, өзімізге тіркеп алып, жартысы
Жезқазған трассасы бағытына қарай, жартысы Қызылордаға бағытына қарай шығарып
бердік. Жолаушылардын бәрі ыстық шаймен қамтамасыз етілді.
Шарипа САҚТАПОВА