$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Маңғыстау облысында мұнайшы мамандықтарын даярлауға білім гранттары бөлінбейді

AstanaTV
14.11.2014ж. 20:00
826
Маңғыстау облысында мұнайшы мамандықтарын даярлауға білім гранттары бөлінбейді

Маңғыстау облысында мұнайшы мамандықтарын даярлауға келер жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс берілмейді, яғни білім гранттары бөлінбейді. Өйткені өңірде мұнайшының табақтай дипломын ұстаған мамандар жеткілікті және олардың барлығын жұмыспен қамту қиын. Бұл туралы Астанада облыс әкімі Алик Айдарбаев мәлімдеді. «Алайда бұл шешім - мұнайшыларды даярлайтын факультеттер жабылады деген сөз емес», - деп ақталды әкім.

Жуырда «2015 жылдан бастап Маңғыстау облысында 24 колледж бен Есенов атындағы университетте мұнай-газ саласы мамандарын оқыту тоқтатылады» деген облыс басшысы орынбасары Бану Нұрғазиеваның сөзі жұртшылықты дүрліктірген еді. Әкім орынбасары бұрыс ақпарат кетті деп, Астанаға арнайы келіп, түсініктеме берген болатын. Жастардың жалақысы жоғары мұнайшы мамандығын таңдайтыны белгілі. Өңірдегі орташа жалақы 212 мың болса, мұнайшылар бұдан артық алады. Дегенмен Алик Айдарбаев мұнай саласы мамандарының қанша жалақы алатынын ашық айта алмады.

Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Мұнай саласында мұнайшылар, олардың арасында біраз мамандар бар, жүргізушілер бар, бұрғылаушылар бар, операторлар бар, олардың жалақысы барлығы бөлек. Әр компанияда өзінің жалақысы бар. Мұнайшылар осынша алады, осынша алады деп айтсам, ертең шатақ болуы мүмкін. Сондықтан олардың жалақылары әр түрлі.

Мұнай өндіруде өңір жоспарды 3 пайызға артық орындап қойған. Сөйтіп биылғы тоғыз ай қорытындысы бойынша 14 млн тоннаға жуық мұнай өндірілген. Аймақта жанармай тапшылығы да жоқ көрінеді. Жағдайдың тұрақты екенін айтты әкім. Есесіне ауыз су бойынша жағдай өткір. Бүгінде тапшылық 40 мың текше метр. 2020 жылға қарай 70 мың текше метр су жеткіліксіз болады деген болжам бар. Дегенмен, сол мерзімге қарай су тапшылығы мәселесін толық шешеміз деп сендірді әкім. Су жетіспеушілігінен әрі құрғақшылықтан биыл Ақшымырау аулында жұт болып, мал қырылды. Өңір басшысы биліктен төмен бағаға жем-шөп сұраған тұрғындарға көмек беріліп жатқанын айтты.

Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Жағдайды білемін. Ол жерде мал қырылып жатқан жоқ. 200 бас мал өлді деген, артынан анықтаған кезде ондай болған жоқ. Үкімет тарапынан тұрғындарға арзан несие береміз шөп сатып алуға.

Айгүл ӘДЕПБАЙ