Италия
кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына 40 миллион доллар инвестиция құюға әзір.
Олар Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақта құбыр шығаратын зауыт салмақ. Бұл
туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстан -
Италия»
бизнес-форумында
мәлім болды. Зауыт құрылысы келер жылы
көктемде басталады, ал 2016 жылы қолданысқа берілмек. Шамамен 100
жұмыс орны ашылады деген есеп бар.
Бұдан бөлек, италиялықтар фэшн-индустрияға
қызығушылық танытқан. Жалпы, Астанада өткен
форумға Италиядан 170-ке жуық бизнесмен келді.
Айта кету керек, бұл елдің іскер азаматтары Қазақстанға визасыз келе
алады. Италия - инвестиция
тарту мақсатында жеңілдіктер қаралған 10 елдің қатарында. Іскер топты елдің экономикалық
даму вице-министрі Каро Календа бастап келді. Бұрындары екі ел арасында
энергетика саласында берік байланыс орнаса, бұл жолы жеңіл өнеркәсіпке басымдық
берілмек. «Қазақстанның
оңтүстігінде тігін кластері, шығысында тері өңдеу зауыттары бар. Онда шығатын
шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаратын италиялық фабрикалар тәжірибесі
бізге ауадай қажет», - дейді отандық
мамандар.
Елнұр
Абақанова, «KAZNEX INVEST» Ұлттық агенттігінің инвестиция жөніндегі менеджері:
Көбінесе бұл жерде мода, киім
саласы, яғни фэшн-индустрия, сосын құрылыс материалдары және агроөнеркәсіп салалары
бойынша өте көп бизнесмендер келіп отыр. Біздің күтуімізше, осы салалар бойынша
Италиядан инвестициялар көп болады деп ойлаймыз.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ