$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов қайтыс болды

AstanaTV
10.11.2014ж. 20:00
6186
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов қайтыс болды

Қазақтың қабырғасын қайыстырған қаралы хабар Алматыдан жетті. Бүгін 93 жасына қараған шағында екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов өмір көшінен озды. Қаһарман ұл ғұмырының соңғы күндері ауруханада төсек тартып жатқан болатын. Созылмалы дерттен айықпастан көз жұмған батырмен қоштасу рәсімі сәрсенбі күні Алматыдағы Офицерлер үйінде өтеді.

Қазақтан шыққан екі мәрте Кеңес Одағының батыры жалғыз Талғат Бигелдинов еді. Өткен жылы ғана оның өмірдегі үзеңгілесі әрі халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовті қалың жұрт ақтық сапарға шығарып салған. Көп ұзамай аты аңызға айналған Кеңес әскерінің ең мақтаулы сардары мәңгілікке көз жұмды.

Батыр ұл Сарыарқаның төсінде қазіргі Астана қаласынан 5 шақырым жердегі Майбалық ауылында дүние есігін ашқан. Әжесінің қолында тәрбиеленеді. Қаршадайынан қара жұмыс істеп шыныққан Талғат небәрі 16 жасында әскерге сұранады.

Талғат Бигелдиновтің майдан даласындағы ерлігі тарихта аңызға бергісіз етіп суреттеледі. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде ИЛ - 2 ұшағымен неміс басқыншыларын жою  үшін 305 рет көкке көтеріліп, ерлік көрсеткен. Үш рет ұшағы жанып, жарақат алды. Қаһарман ұл 23 жасында Кеңес Одағының екі дүркін батыры атағын иеленді. Сондықтан оның ерлігіне тәнті болған халқы ерекше құрмет тұтты. Тек өмірінің соңғы күндері  көпшіліктен байланысын үзіп, біртоға ғұмыр кешті.

Рүстем Қайдаров, генерал-майор:

Қазіргі ҰОС қатысқандардың арасында соңғы генерал болатын Қазақстандағы. Керемет қасиеті - қабағын түймейтін. Кішімен де, үлкенмен де тең сөйлесетін қарапайым адам, жақсы адам.  

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Талғат Жақыпбекұлы елдегі сәулет-құрылыс саласында еңбектенген. Оның бұл қырын көпшілік біле бермейді. Қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университетті тәмамдап, өндірісте жұмыс жасаған. Тұңғыш рет Қазақстанда авто-мото қауымдастығын құрған. Азаматтық авиация саласында да басшылық қызметтерде болды. Ал бос уақытында, табиғат аясында омарташылықпен айналысуды ермек еткен.

Айтқали Есенқұлов, запастағы генералдар одағының төрағасы:

Ол өте ақжарқын, бауырмал жан еді. Біз оның ізінен ерген әскери адамдармыз. Сағадат Нұрмағамбетов екеуі біз үшін ұстаз болды. Екеуі де ұзақ жасады. Бұл да бекер емес. Олардан тыңдаған ақыл-кеңестеріміз біздің өміріміз бен әскери қызметімізге азық болды.

Батыр атамыздың өмірі мен ерлігі алда талай ұрпаққа аңыз болып тарайтыны анық. Оның мұрасын зерттеу, өмірінің ақтаңдақтарын ашып көрсету ісі де көп ұзамай қолға алынары сөзсіз. Батырмен қоштасу рәсімі сәрсенбі күні Алматыдағы Сардарлар үйінің қабырғасында өтпек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ