$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Президент Жолдауынан кейін Үкімет отырысы өтті

AstanaTV
11.11.2014ж. 20:00
972
Президент Жолдауынан кейін Үкімет отырысы өтті

Елбасы үйіп-төккен  тапсырмаларды Үкімет бірден талқылауға кірісті. Премьер-министр Кәрім Мәсімов Үкіметтің шұғыл отырысында «теңселіп, созбалаңға салынатын уақыттың жоқтығын» тағы бір қадап айтты. Сондықтан бүгіннен бастап министрлер кабинеті «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру үшін кешенді жоспар жасауға білек сыбана кірісті. «Біздің басты міндетіміз - жүктелген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау», - деді Кәрім Мәсімов.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордан 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайын 3 млрд АҚШ доллары көлемінде  қосымша қаражат бөлінсін деді. Осы орайда Үкіметтің келесі басқосуына дейін Ұлттық экономика, Қаржы және Әділет министрліктері тиісті нормативтік - құқықтық актілердің жобаларын әзірлеп үлгерулері тиіс. Ал келесі отырысқа дейін бар болғаны 3 күн бар. Әсіресе Ұлттық экономика министрлігіндегілер бас көтеремей жұмыс істейтін сыңайлы. Ведомствоға 10 желтоқсанға дейін алдағы 5 жылға инфрақұрылымдық даму жобасын таныстыру жүктелді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерді қаржыландыру туралы қаулысын министрлік 1 желтоқсанға дейін дайындап, таныстыруы керек.

Сонымен қатар Кәрім Мәсімов Ұлттық экономика министрлігіне Президент Әкімшілігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеп, оны Үкіметтің келесі отырысында қарау туралы тапсырма берді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА 


 

Алдыңғы жаңалық