$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Талғат Бигелдиновті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

AstanaTV
12.11.2014ж. 20:00
3447
Талғат Бигелдиновті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Бүгін қазақ жұрты ең даңқты батырларының бірімен қоштасты. Осыдан екі күн бұрын дүние салған Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдиновті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Батырдың жаназасы ұлылардың мәңгілік мекеніне айналған «Кеңсай» зиратында оқылды. Одан бұрын қаралы жиынға келген қауым қаһарман ұлмен 28 панфиловшылар саябағындағы Сардарлар үйінің қабырғасында қоштасты.

Қазақтың арғы-бергі тарихындағы батырлардың ең көрнектісі Талғат Бигелдинов еді. Ол қаршадайынан қару асынып, отанына көз алартқан дұшпанына қарсы тұрды. Ата-бабасына таңсық болған ұшақты ол лезде игерді. Оның көзсіз ерлігі мен даңқына табынған жұрт ұлдарының атын Талғат деп атады. Авиация саласында бетбұрыс жасап, бүтіндей бір ұрпақты аспан әлеміне ынтық еткен сол Талғат енді келмеске кетті.

Талғат Мұсабаев, ғарышкер, Халық қаһарманы:

Батырдың есімімен мыңдаған бала аталды. Оның ішінде мен де бармын. Ағамыз өте сыйлы, ел жанды азамат болды. 

Даңқты ұшқышпен қоштасу рәсімі 28 панфиловшылар саябағындағы Офицерлер үйінде басталды. Батырды соңғы сапарына шығарып салу әскери дәстүр бойынша жүргізілді. Қаралы жиында сөз алғандар ұлы тұлғаның қайталанбас құбылыс екенін айтып жатты. Ғарышкер әрі Талғаттай ұстаздың батасын алып, көкті шарлаған Тоқтар Әубәкіров Бигелдиновтің есімін Алматы немесе Астана халықаралық әуежайларына беруді ұсынды.

Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер, Халық қаһарманы:

Бұл кісіге үлкен баға беріледі. Билікке  менің сәлемім, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін, осы Астана әуежайына оның атын берген дұрыс.

«Ұшқыш небәрі 23 жасында Кеңес Одағының екі дүркін батыр атағына ие болғанын ұрпаққа үлгі ету керек», - дейді оның шәкірттері. «Ұшқыштар өлмейді, олар мәңгілікке кеткенде қайтып оралмайды» деген тәмсіл осындайда айтылады. Талғат Жақыпбекұлының отбасына көңіл айту жеделхатын Президент пен Қорғаныс министрі де жолдаған. Ал даңқты батырдың жалғыз ұлы Талғат Талғатұлы әкеге деген ақтық сөзін арнады.

Талғат Талғатұлы, Т. Бигелдиновтің ұлы:

Әке, мың мәрте кешіре гөр. Сен әрқашан біздің жүрегімізде боласың. Біз, балалар мен немерелер, сенің қаның болғанымызды мақтанамыз. Бүгін сенің сын сағатың келді. Сен оны ұлы жауынгердей қасқайып, мәрттікпен қарсы алдың. Сен адал абыроймен, сабырлы жүрекпен аттандың. Бақұл бол, әке.

Даңқты ұшқыш Берлинге дейінгі кескілескен ұрыстың ортасында жүрді. Қырғыннан аман оралып, Алланың қалауымен 93 жас ғұмыр кешті. Бүгін марқұмның денесі қойылған әскери техника кілең жақсы-жайсаңның мәңгілік мекені Кеңсайға қарай беттеді. Қаһарман ұл айбынды батыр Бауыржанның дәл жанына жерленді.

Жұрағат БАМАН