Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қашықтықтан зондтау жүйесінің алғашқы нәтижелері халықаралық семинарда жарияланды

AstanaTV
13.11.2014ж. 20:00
2521
Қашықтықтан зондтау жүйесінің алғашқы нәтижелері халықаралық семинарда жарияланды

Ғарышқа ұшырылған «ҚазЕОсат» жерді қашықтықтан зондтау спутниктері алдағы жылдың қаңтарынан толыққанды жұмысын бастайды. Үстіміздегі жылдың мамырында Францияның Гвинея ғарыш айлағынан ұшырылған «ҚазЕОсат-1» және Ресейден ұшқан «ҚазЕОсат-2» серіктерінің тесттік режимде жасаған алғашқы суреттері бүгін «Қазақстандағы ғарыш күні» халықаралық семинарында жарияланды.

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы:

«ҚазЕОсат-1» - үлкен кеңістікті қамту мүмкіндігі бар спутник. Өңделмеген күйде 1 метрлік дәлдікпен жасалған сурет береді. Өңделген соң 70 сантиметрге дейін анық бейне беруге қауқарлы. Әлемде бұндай мүмкіндіктері бар мемлекеттер санаулы, әрі кетсе, 5 ел. «ҚазЕОсат-2-нің» суреттері тіпті айқын. Оларды халық шаруашылығы, еліміздің қауіпсіздігі, қорғаныс үшін қолдануға болады.

«Жер бетін зондтау спутниктерінен жіберілген ақпаратты қазақстандық мамандар қабылдап, өңдеп жатыр», - деді Мұсабаев. Оның сөзінше, отандық ғарыш саласындағы 5 жыл бұрынғы маман тапшылығы шешілген. Сондай-ақ Аэроғарыш комитетінің басшысы әлем ғалымдарының ғарыш кеңістігін игеруде жасаған кешегі қадамына баға берді. «Адамзат ғарыш кеңістігін бағындыруда Гагариннің алғаш ғарышқа ұшуы мен астронавтардың ай бетіне қонуынан кейінгі «үшінші ұлы» қадамын жасады», - деді.

Айта кетейік, Еуропалық ғарыш агенттігі кеше алғаш рет комета үстіне «Розетта» ғарыш аппаратынан ұшырылған «Фила» зондын қондырған болатын. Жер бетінен 500 млн шақырым қашықтықта Күнді айнала қозғалатын аспан денесіне зерттеу аппаратын қондыру бүгінге дейін мүмкін болмаған. Кеңестік ғалымдар Чурюмов пен Герасименконың есімдерімен аталған комета 1969 жылы ашылған. «Розетта» серігі соңғы қону нүктесіне дейін 10 жыл ұшты. «Фила» зонды алып кометаның 67 шақырым қашықтықтан жасалған алғашқы суретін жерге жіберіп үлгерді. Алдағы уақытта зонд көмегімен «құйрықты жұлдыздың» химиялық құрамы зерттелмек.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ