$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қарағандының баспанасыз жас отбасылары Елбасының Жолдауына зор үміт артады

AstanaTV
13.11.2014ж. 20:00
1165
Қарағандының баспанасыз жас отбасылары Елбасының Жолдауына зор үміт артады

Қарағандының баспанасыз жас отбасылары Елбасының Жолдауына зор үміт артады. Баспанаға кезектерін күте-күте шаршаған олар әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы басталатыны жайындағы хабарға қуанып жатыр. Тек жаңа бағдарламада баспана жалдау мерзімі қысқартылып, сатып алу құқығын беру тездетілгенін қалайды. Кеншілер қаласындағы баспана мәселесі жайлы толығырақ Айжан Қуаш баяндайды.

Әсел Ысқақова тұрмысқа шыққалы бері пәтерден пәтерге көшіп, таныстарының үйін жалдап жүр. Екі баласы жас болғандықтан, жолдасы ғана жұмыста. Айтуынша, тыраштанып тапқан жалақы үй сатып алу былай тұрсын, күнделікті күнкөріске әрең жетеді. Мемлекеттік қызметте болмағандықтан, пәтер кезегіне де тұра алмаған.

Әсел Ысқақова:

Үй сатып алуға қаржы жинау мүмкін емес. Күйеуімнің жалақысы баланың жөргектерінен аспайды. Жас отбасы ретінде кезекке тұру үшін екі жыл некеде тұру, әрі 29 жастан аспау керек екен. Біз ол санатқа кірмейміз.

Ал Толғанай Қоржынбаева үшін әлеуметтік пәтер жалдау тым қымбатқа түсіп тұр. Жетім ретінде 18 жасында кезекке тұрған қызға жатақхананың бір бөлмесі уақытша жалға берілген. Сол бөлмеге бақандай 20-30 мың теңге төлейді. Тұрмысқа шығып балалы болған соң, жас анаға басқа үй ұсынылуы тиіс еді. Бірақ пәтер кезегі жылжыр емес.

Толғанай Қоржынбаева:

Тұрғын үй  жалға берілсе де, 30-40 мың. Жалақымыз күніне 1-2 мың теңге. Оны төлей алмаймыз. Кішкене бағасы төмен болса, оған да келісер еді.

Баспана мәселесі бүгінде Қарағандыда өте күрделі. Жас отбасылары үшін пәтер жалдау қымбат, ал оны сатып алу тіпті қиын. Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің ақпаратына сай, ресми тіркелмегендерді есептемегенде, бүгінде 24 мың отбасы пәтер кезегінде тұр. Мұқтаж жандар саны артқанмен, тұрғын үй құрылысы мардымсыз. Биыл екі мың адамға баспана берілген. Оның төрт жүзі ғана әлеуметтік жалдамалы пәтерге ие болған.

Виктория Ким:

Элитный үйлер салғанша, біз сияқтыларға үй салмай ма? Осындай адамдар үшін, болашақта біз сатып ала алатын үйлер салу керек.

Айжан Қуаш, тілші:

Елбасы кезекті жолдауында 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру қосымша 180 миллиард теңгеге ұлғайтылатынын айтты. Баспананы төмен пайызбен ұсыну, сатып алу құнын арзандату қажет деді. Қарағандылық жастар дәл осы Жолдауды іске асырушыларға үлкен үмітпен қарайды.

Айжан ҚУАШ