$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Уақытша берілетін жеке басты куәландыру анықтамасы ұшаққа отыруда кедергі келтіре ме?

AstanaTV
13.11.2014ж. 20:00
1705
Уақытша берілетін жеке басты куәландыру анықтамасы ұшаққа отыруда кедергі келтіре ме?

Уақытша берілетін жеке басты куәландыру анықтамасы жарамсыз деп танылсын! Куәлігін жоғалтқан алматылық Күлән Алина жағымсыз жағдайға тап болғанын айтады. Ал оның қолындағы куәлік орнына берілген анықтаманы әуе тасымалдаушы мойындамай қойыпты. Астанадан Алматыға бағыт алған жолаушыны «Эйр Астана» компаниясының өкілдері ұшақ бортына жібермеген. Бұл оқиғадан соң, ол өз құқығының тапталғанын айтып, баспасөз өкілдеріне шағымданды. Уақытша куәліктің машақатын көріп жүргендерге заңгер қандай кеңес береді? Бұл мәселедегі мемлекеттік органдардың ұстанымы қандай?! Толығырақ Ришат Асқарбекұлы баяндайды.

Күлән қараша айының басында Астанаға іссапармен барғанын айтады. Ол Елордаға «Скат» әуе компаниясының ұшағымен жетіп алған. Ал қайтарда «Эйр Астана» рейстерінің біріне электрондық билет сатып алады. Дәл ұшар алдында оның жолын компания менеджерлері бөгеген. Жолаушы ұшақ бортына отыру үшін уақытша берілген жеке куәлік жарамсыз деген жауап естіген.

Күлән Алина, Алматы қаласының тұрғыны:

Жеке куәлік - Қазақстан Республикасының азаматының жеке басын куәландыратын бірден-бір құжат. Ол уақытша болса да, полицияға, әуежайда, кез-келген жерде көрсетуге болатыны түсінікті емес пе?! Ендеше ол неге жеке компанияның ішкі ережелеріне сәйкес жарамсыз деп танылады?

Ұлттық тасымалдаушы компания өкілдері жолаушы билетті электронды түрде сатып алған. Демек оның ұшақ билетін алардан бұрынғы құжатының қандай екенін компания анықтай алмайды, дейді.

Тілек Әбдірахымов, «Эйр Астана» компаниясының бұқарамен байланыс бөлімінің менеджері:

Уақытша жеке куәлікпен қандайда бір азаматтық құқықтық әрекеттерді жасауға болмайды. Бұл заңда бекітілген норма. Билет сатып алу да азаматтық-құқықтық әрекетке жатады. Сондықтан біздің қызметкерлер осындай шешім қабылдаған.

Тараптардың арасында туындаған дауға байланысты, Азаматтық авиация комитеті ұшу қауіпсіздігіне орай ішкі ережелерді жариялай алмайтынын айтады. Бірақ еліміздің жеке басты куәландыру заңына орай уақытша жеке куәлікпен ұшақ бортына отыруға тиым салынған.

Тимур Тілегенов, ҚР Азаматтық авиация комитетінің сарапшысы:

Жеке уақытша куәлікпен ұшақ бортына отыруға тиым салынған. Аталған сұрақтар ҚР жеке басты куәландыру туралы заңының 6-бабымен және ҚР Үкіметі бекіткен Авиациялық қауіпсіздік туралы нұсқаудың 78-тармағымен қарастырылған.

Адвокат Жангелді Сүлейманов талас тудырған мәселенің түп тамыры заңның орындалмауынан деп есептейді. Уақытша жеке куәлік кәдімгі жеке куәліктің орнын алмастыра алады. Бірақ жекелеген мекемелер өздеріне ыңғайлы нұсқаулармен жұмыс жүргізеді. Ал бұндай әрекеттер азаматтардың конституциялық құқығын шектеуге әкеледі.

Жангелді Сүлейманов, заңгер:

Азаматтық авиация комитеті де, әуе компаниясы да адам құқығын аяқ асты етіп отыр. Жолаушының қолында құжаты бар, оның бұл жерде кінәсі жоқ. Ал заңға терең үңілместен, адамдарды әуре-сарсаңға салатын оқиғалар жетерлік. Сондықтан бұл мәселеге Бас прокуратура құқықтық баға беріп, олқылықтардың орнын толтыруға міндетті.

Күлән сол жолы өзінің құқығын қорғап, ақыры ұшаққа мінген. Бірақ дәл осындай екіұдай оқиғалардан көптеген азаматтардың зардап шегіп жүргеніне сенімді. Енді ол заңгерлермен бірігіп, уақытша жеке куәлікке қатысты туындап жататын заң нормаларындағы қайшылықтарға қатысты ұсыныстарды прокуратура органдарына жолдамақ.

Ришт АСҚАРБЕКҰЛЫ