$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Оралда жөндеу жұмыстарынан кейін №12 мектеп пайдалануға берілді

AstanaTV
13.11.2014ж. 20:00
2264
Оралда жөндеу жұмыстарынан кейін №12 мектеп пайдалануға берілді

Оралда жөндеу жұмыстары аяқталған жаңа кейіптегі №12 мектеп пайдалануға берілді. Апатты білім ордасы биыл 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдай салысымен, жөндеуге жабылған болатын. Айта кетейік, сейсенбіде жариялаған халыққа Жолдауында Елбасы мектептердегі білім беру деңгейі әрдайым өз назарында екенін айтқан. Үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы мектептерді түбегейлі азайту мақсатында Үкіметтен 70 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл жаңалық оралдық мектеп ұжымын да, ата-аналарды да қуанышқа бөледі. 

Бар-жоғы 2 айда мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Бұған шәкірттер де, ата-аналар да, тіпті құрылысты уақытынан бұрын бітірген мердігерлер де дән риза.

Нұрлан Қойшығалиев, Орал қаласындағы №12 мектеп директоры:

Бұл енді 1968 жылы салынған мектеп, содан кейін күрделі жөндеу көрмеген. Мұның төбесінен бастап бәрі күрделі жөндеуден өтті. Жылы іші қазір. Өзіміздің мектебімізді өзіміз танымай жатырмыз. Аппақ, жарық. Ата-аналар қуанып жатыр, балалар қуанып жатыр. Елбасымыздың осы білімге деген қамқорлығын өзіміз сезініп тұрмыз.

Бұл - осыдан тура екі ай бұрын түсірілген кадрлар. Орал қаласының іргесіндегі Деркөл ауылындағы №12 мектеп 1 қыркүйекте оқушыларын қабылдай сала, сол күні жөндеуге жабылды. Ал мектептің мыңнан астам оқушысы сабағын басқа мектепте жалғастыруға мәжбүр болды. Оқушы тасымалы жолға қойылғанымен, бұл ата-аналар мен мектеп ұжымына үлкен қолайсыздықтар тудырды. Дегенмен, бүгін оның барлығы артта. Мектепті жөндеуге ел қазынасынан 258 млн теңге бөлініпті.

Нұрлан Сабыров, БҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:

Биылғы оқу жылы 6 мектеп апатты жағдайда деп танылған. Оған арнайы жергілікті бюджеттен қаражаттар бөлініп, мектептер күрделі жөндеуден өткізілді. Енді қалған 4 апатты мектептің орнына мектеп құрылыстарын салу жөнінде қаражат шешілгендіктен, 2015 жылдары пайдалануға беріліп, облыс бойынша апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешіледі ғой деген ойдамыз.

Қазір Орал қаласындағы тағы 16 мектеп осындай жөндеу ісіне мұқтаж болса, облыс бойынша әлі алты мектеп апатты күйде. Бір қуанарлығы - аймақта үш ауысымдық оқыту жүйесі жоқ. Мектептердің барлығы да екі ауысымға көшірілген.

Жамбыл өңіріндегі 450 орта мектепте 191 мың бала білім алады. Халқы тығыз орналасқан аймақ үшін оқу орындарын оңалту мәселесі кезек күттірмейді. Сондықтан Жолдау жүктеген міндеттер халықтың жүрегінен жол тапты. Жамбылдық шенеуніктер облыста әлі 88 балабақша мен 53 шағын орталық салынуы керектігін айтады. Сонда ғана бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтылмақ.

Гүлдана Жауынбекова, Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Апатты жағдайда 21 мектеп бар. 2 мектептің мәселесі 2014 жылдың соңына дейін шешіледі. Және 2015 жылы 10 мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде. Қалған 9 мектептің мәселесі 2016-2017  жылдары шешіледі. Сонымен қатар, үш аусымда оқитын облысымызда 3 мектеп бар. Аталған мектептердің құрылысы республикалық инвестициялық жобалар тізбесіне 2015 жылға енгізу бойынша ұсыныс жасалды.

Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сенсек, Қазақстанда мектеп тапшылығын шешу үшін тағы 149 мектеп салу қажет. Ал апатты жағдайдағы мектептердің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында.

Есенғазы Иманғалиев, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Республика бойынша 180 аптатты мектептер бар. 104 үш ауысымды мектептер бар. Бүгін айтып жатқандай Елбасы 6-бағыт бойынша әлеуметтік инфрақұрылым бойынша бізге 70 млрд теңге қосымша бөлінді. Сондықтан осы мәселені шешу үшін деп ойлаймыз.

Министрлік, жыл аяғына дейін 30 жаңа мектеп қабылданатынын хабарлады. 3 ауысымдағы 15 мектептің мәселесі шешіліп, тағы 15 апатты жағдайдағы білім ордасы жөнделмек. Салалық ведомство есебінше, келер жылға бөлінетін 70 млрд теңгеге апатты жағдайдағы 135 мектеп жөнделіп, үш ауысымдағы 85 мектептің мәселесі шешілмек.

Еркін КАРИН, Данияр ӘЛІМҚҰЛ