$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тобыл өңірі «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің 20-жылдық мерейтойын атап өтті

AstanaTV
14.11.2014ж. 10:00
3271
Тобыл өңірі «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің 20-жылдық мерейтойын атап өтті

Тобыл өңірі «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің 20-жылдық мерейтойын атап өтті. Өнер ұжымының мерекелік кеші атақты композитор Ермұрат Үсеновтің Қостанай жеріне арнаған «Алтын дала» күйімен басталды. «Ақжелең» ансамблі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Дәулеткерей, Ықылас сынды дәулескер күйшілермен қатар жергілікті сазгерлердің шығармасын насихаттау жолында аянбай еңбек етіп, қазақ өнеріне өзіндік үлес қосып келеді.

Қоржынында жүздеген үздік шығармасы бар ансамбль тек Қостанай жұртшылығын ғана емес, алыс-жақын шетелдегі көрерменді тәнті етті. Ресей, Корея, Франция, Германия елдерінде өнер көрсетіп, халықаралық байқаулардан жүлделі орынмен оралды. Кеш барысында жергілікті өнер саңлақтарымен бірге Елорданың жезтаңдай әншісі Гүлзира Бөкейханқызы мен Тараздан келген Жанатбек Қадыров ән шырқап, көпшілік көрерменнің көңіліне бөленді. Ал, мерейтой иелеріне облыс әкімінің атынан марапат көрсетіліп, қаржылай сыйлық табыс етілді.

Серікбай Оспанов, ақын, жазушы:

«Ақжелең»-нің бір қазіргі жаңалығы - ол өзіміздің жергілікті композиторлар мен жергілікті ақындардың сөзіне жазылған әндерді көбірек орындап жүр. Бұл - қуанарлық нәрсе.

Назымбек Молдахметов, ансамбльдің жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

Біраз жетістіктерге жеттік деуге болады. 2001 жылы Германияда Еуропа қазақтарының құрылтайына қатыстық. 2003 жылы Франция елінде болдық. Одан қалды Ресейдің Липецк, Красноярск, Ростов-на-Дону деген біраз жерінде біз бас бәйгені бермей жүрдік.

Заңғар САНАЙ