$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Оралда жол-көлік апатынан кейін жүздеген жүргізуші жазаға тартылды

AstanaTV
18.11.2014ж. 10:00
1630
Оралда жол-көлік апатынан кейін жүздеген жүргізуші жазаға тартылды

Оралда жүргізушілер мен полицейлер арасында дау туды. 3 қазанда болған жол апаты жүздеген көлік иесінің жүйкесін жұқартты. Жол сақшылары жеткенше, жүздеген көлік қарсы бетке шығып, жол апатына ұшыраған көліктерді айналып өткен. Ал көше қиылысына орнатылған бейнебақылау құрылғысы мұның барлығын түсіріп алса керек. Содан қарсы бетке шыққан жүздеген көлік жүргізуші жазаға тартылып жатыр. Әзірге 22 көлік иесі автомобиль жұргізу құқынан айырылып та үлгерді. Бұрын соңды болмаған оқиғаны оралдық тілшіміз де бақылап жүр. 

3 қазанда Құрманғазы мен Еуразия көшелерінің қиылысында екі көлік соқтығысқан. Осы мезетте басқа көлік иелері оқиға орнын айналып өтуге мәжбүр болғанын айтады. Бейнекамерадағы жазбаға сүйенген тәртіп сақшылары мұны заңға қарсы деп бағалаған. Іс сотта қаралып, судья 22 жүргізушіні кінәлі деп тапты. Бірақ көлік иелері мұнымен келіспейді.

Салауат Кенжеғалиев, көлік жүргізушісі:

Біздің құқығымызды кім жақтайды? Жүргізуші өтілім - 30 жыл. 30 жылда, міне, бірінші осындай жағдайға душар болып жатырмыз. Жалғыз мен емес. Сосын бізді тыңдамайды, тыңдамайды. 100 адамға екі минуттан, бәрімізді лишить етті.

Ербол Әлімбекеров, БҚО ІІД ӘЖПБ бөлім басшысы:

Қарама-қарсы жолға шыққандарға бір жылға айыру соттың үкімі бойынша. Материалды тіркеп, протоколдарды сотқа жібереміз. Ал сот шешім қабылдайды, басқа альтернатива жоқ, штраф ештеңе. Тек жүргізу құқынан айыру бір жылға.

Ісі сотқа тапсырылған 34 көлік иесінің тек үшеуіне ғана сот кеңшілік танытты. Олардың бірі ауыр науқас екенін айтса, екіншісі жүкті әйелін перзентханаға апара жатқан. Тағы 9 іс сот қарауына жіберілді. Полицейлер мұндай жағдайда көліктердің оң жағынан айналып өтуі керек еді дейді. Апат болған жерге кезекті топтың төрт сағаттан кейін келгенін ескерсек, көлігінен айырылатындар жүздеп саналуы мүмкін.

Ғалымжан Ищанов, Орал қалалық әкімшілік сотының төрағасы:

Әкімшілік сот ІІД басшылығына мұндай заң бұзушылыққа болашақта жол бермеу туралы ұсыныс жолдады. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға жол қозғалысының қауіпсіздігі мен ұйымдастыру жұмыстарына баса мән беру керектігі де ескертілді.

Заңгерлер мұндай жағдайға полицейлер жол беріп отыр дейді. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне солар жауап беретіндіктен, сотқа жүгінген наразы топ енді полицияға қарсы арыз жазбақ.

Павел Кочетков, заңгер:

Бұл жерде жол апаты жиі болып тұрады. Көлік кептелісі де үйреншікті нәрсе. Ал жол полициясы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына айыппұл жинаумен айналысады. Болған апатты өз көзіммен көрдім. Оң қапталдан айналып өткен жүргізушілерді де камера заңбұзушылық деп қабылдайды.

Ресми деректерге сенсек, Оралда бейнекамералар орнатылғалы бері жолдың қарсы бетіне шығып кеткені үшін айыпталған 501 көлік иесінің 364-і жүргізушілік куәлігінен айрылып, тағы 137 адамға айыппұл салынған.

Еркін КАРИН