$485.11 €523.82 ₽5.02
×

ЭКСКЛЮЗИВ: СҚО-ның әкімі Елбасының Жолдауының орындалуына ат салысу - барша қазақстандықтардың міндеті деп есептейді

AstanaTV
17.11.2014ж. 20:00
1803
ЭКСКЛЮЗИВ: СҚО-ның әкімі Елбасының Жолдауының орындалуына ат салысу - барша қазақстандықтардың міндеті деп есептейді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Елбасының «Нұрлы жол» атты халыққа Жолдауының орындалуына ат салысу барша қазақстандықтардың міндеті деп есептейді. Айтуынша, Ел Президенті ұсынған жаңа бағыт күрделі кезеңнен бейнетсіз өтуге мүмкіндік береді. Аймақ басшысы Жолдауда көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне айрықша мән берілгенін еске салды.

Қызылжар өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқан. «Ендеше осы бағытқа басымдық беретін боламыз», - дейді облыс басшысы. Теріскейде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 7 жарым мың шақырымды құрайды. Оның тең жартысы жөндеуді қажет етеді. Аймақта тозығы жеткен жолдарға асфальт төсеу үшін, арнайы 5 жылдық жоспар құрылған. Сондай-ақ Петропавл халықаралық әуежайында да жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 150 млн теңге қарастырылған.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Келесі жылы қаржыландыруды көтереміз. Ал енді болашақ 5 жылда толығымен 4 мың шақырымды жөндеп шығамыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің Петропавл әуежайы 20 жылдан артық нақты жұмыс істемеген. Бүгінгі таңда жоба-сметалық құжаттамалары аяқталып жатыр. Келесі жылы ұшу алаңына толық реконструкция жасаймыз.

Өңірде туризм саласының да әлеуеті зор. Жасыл желекке бай Теріскейдың 4 ауданында жаңа демалыс орындары салынбақ. Мәселен, Айыртау ауданында орналасқан Шалқар мен Имантаудың табиғаты Бурабайдан кем емес. Топырағы шұрайлы, суы шипалы. Қазір бұл аумақтың инфрақұрылымын дамыту нысанаға алынған.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Біздің табиғат тамаша. Туризмге көп мүмкіншіліктер бар. Соған да біз қазір мастер-план жасап, біраз жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Елбасы көп міндеттер қойды. Осының бәрін орындауға біз бар күшімізді салып, аянбай еңбек етеміз.

Абзал ҚҰРМАНКИН