$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Серік Ахметов жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

AstanaTV
19.11.2014ж. 20:00
1982
Серік Ахметов жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

Бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілініп, үй қамаққа алынды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. Оған қарағандылық бірқатар экс-шенеуніктердің ісіне қатысты да айып тағылған. Тергеу құпиялығына байланысты өзге ақпарат жарияланбайды делінген баспасөз парағында.

Еске салсақ, бұған дейін жемқорлық бабы бойынша Қарағанды облысы мен қаласының экс-басшылары Бауыржан Әбдішев пен Мейрам Смағұлов тұтқындалған. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Металлургия-Металл өңдеу» индустриялық паркі және «ҚазАгроФинанстің» бұрынғы басшыларына қатысты да тергеу жүріп жатыр. Ал Премьер-министрліктен Қорғаныс министрі қызметіне ауысқан Ахметов қазанның 22-де жұмыстан босатылды.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Әрине, мен үшін... Таң қалып отырмын. Себебі Серік Ахметовты біз интеллигентті адам деп біліп отырмыз. Ал енді лауазымды шенеунік ретінде, әрине, мынандай жауапты орында жұмыс істегеннен кейін, енді ол жақта тар жол, тайғақ кешу дейді ғой, сол секілді жағдай да болып кетуі мүмкін. Бірақ мен, мысалы, өз тәжірибемде бұл кісіден жемқорлыққа немесе парақорлыққа... әрекеттерін байқаған жоқпын.

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХКП фракциясының мүшесі:

Жемқорлыққа қарсы күресіп жатыр ғой. Ойлаймын, бұған қарсы ешқандай шенге қарамайды біздің елде. Министр болсын, әкім болсын. Жемқорлық жасаса, оны түрмеге салады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА