Елбасы Жолдауында айтылған «Тұрғын үй-коммуналды
шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы Тобыл өңірінде қарқынды жүзеге асып келеді.
2015-2017 жылдарға арналған бағдарлама аясында Қостанайдағы 42 көпқабатты көне
баспана күрделі жөндеуден өткізілмек. Қалада 1 мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның
үштен бір бөлігі жөндеуді қажет етеді. Облыс орталығындағы тұрғын үйлердің көбі
өткен ғасырдың 50-70-ші жылдары аралығында салынған.
2015 жылы ескі
ғимараттардың алтауы жаңа кейіпке енбек. Жөндеу жұмыстарына 100 миллион теңгеге
жуық қаржы бөлініп отыр. «Тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңғырту»
бағдарламасы шеңберінде шаһардағы жылу және су құбырлары да жыл санап жаңарып
келеді. Осы жылдың өзінде бұл мақсатқа 1 миллиард теңге көлемінде қаражат
жұмсалды.
Оразтай Рамазанов, Қостанай қалалық тұрғын үй
инспекциясының бастығы:
Елбасының Жолдауынан кейін жаңғырту бағдарламасы бойынша
Қостанайға қосымша қаражат бөлінеді деген үміт бар. Яғни тұрғын үй-коммуналдық
саласындағы өзекті мәселелерді шешуге мол мүмкіндік тумақ. Біз оны тиімді
пайдалану үшін тұрғындармен пікірлесіп, апатты жағдай алдында тұрған
ғимараттар мен инженерлік коммуникацияны жөндеуге жұмсауды көздеп отырмыз.
Заңғар САНАЙ