$485.11 €523.82 ₽5.02
×

«Еуразия барысы» халықаралық балуандар бәсекесінде еліміздің құрамасы екінші орынды еншіледі

AstanaTV
24.11.2014ж. 10:00
1557
«Еуразия барысы» халықаралық балуандар бәсекесінде еліміздің құрамасы екінші орынды еншіледі

«Еуразия барысы» халықаралық балуандар бәсекесінде еліміздің құрамасы екінші орынды еншіледі. Екінші жыл қатарынан Тараз жерінде өткен тартысты турнирге биыл 12 елден 60 палуан бақ сынады. Бұл  жолғы жарыс қара күштің иесі Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналды. Барлық елдің құрамасы алдымен жеребе тарту бойынша қарсыластарын анықтап алды.

Алғашқылардың бірі болып бозкілемде белдесен балуандарымыз қысқа уақытта Қытай құрамасын 5-0 есебімен жеңді. Екінші айналымда Тәжікстан құрамасын да дәл осындай есеппен тізе бүктірді. Тәжік балуандарының жауырынын жер иіскетіп, жартылай финалға жолдама алған жерлестеріміз Грузия палуандарын 4:1 есебімен ұтып, финалға шықты. Ал ақтық айқаста Моңғолия мықтыларынан күрей жеңілді. Есеп 1:4. Осылайша, бас бәйгеге тігілген 50 мың АҚШ долларын Моңғолия алып кетті. Ал екінші орынға берілген 20 мың АҚШ доллары қазақ балуандарына бұйырды. Өз кезегінде 3-ші орынды місе тұтқан Грузия 10 мың АҚШ долларын алды. Ал жалпы жарыста соңғы орын алған елдердің балуандары да қаржылай сыйлықтан құр қалмады. Тіпті сегізінші тұғырдан көрінген түркиялықтарға да 2 мың АҚШ доллары берілді.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы болған бәсекеде біздің балуандар моңғолдарды 4-1 есебімен ұтқан болатын. Моңғолдық балуандар «былтыр кеткен есені осы жолы қайтардық» дейді.  

Бақыт Однайұлы, Моңғолия құрамасының бас жаттықтырушысы:

Біздікілер жеңіске жетті. Бесеуі де жеңіске жетті. Біз үлкен дайындықпен келгенбіз. Сондықтан мына үлкен жарыстар, қазақтың өнері дами берсін. Жасай берсін! Үлкен қуанышқа бөленіп кетіп бара жатырмыз. Ой, жарайды енді, балуандар бірде жығады, бірде жығылады. Ондай нәрселер болып тұрады. Келешек дамиды.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ