$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қарағанды тұрғыны сот арқылы «Гүлнәр тур» компаниясынан 100 мың теңге өндіріп алды

AstanaTV
26.11.2014ж. 20:00
899
Қарағанды тұрғыны сот арқылы «Гүлнәр тур» компаниясынан 100 мың теңге өндіріп алды

Қарағандылық Руслан Лазута «Гүлнәр тур» туристік компаниясынан 100 мың теңге өтемақы алатын болды. Қалалық Қазыбек би атындағы аудандық сот осындай шешім шығарды.

Еске салсақ, өткен жазда Қазақстанда «Гүлнәр тур» туристік фирмасы төңірегінде үлкен дау-дамай туындаған болатын. Аталған компаниядан жолдама алған қарағандылықтар да Түркиядан Қазақстанға жете алмай, жат елдің әуежайын паналауға мәжбүр болды. Бұл жағдай басқа аймақтарда да қайталанды. Артынша туристік компания жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тамыз айында «Гүлнәр тур» лицензиясынан айырылғанымен, компания басшысы шетелге қашып кетті. Фирманың туристерге келтірген шығыны 30 млн теңгеден асқан.

Руслан Лазута «Гүлнәр турдың» Қарағандыдағы филиалынан 1 миллион теңге моральдық шығын талап етті. Алайда сот оның үлесіне 100 мың теңге ғана шешіп берді. Қазір бұл соманың өзін кімнен өндіріп аларын білмей дал. Өйткені компанияның кеңселері жабылып қалған.

Руслан Лазута:

Дау-дамай әуежайдан ұшпай жатып басталды. Рейсті ауыстырып жіберіп біраз бөгелдік. Кері қайтарда да билет таба алмай қиналдық. Мұндай фирмаларға жазаны қатайту керек. Олар заң бойынша жазаның жеңіл болатынын біліп алған. Сондықтан осы «Гүлнәр тур» сияқтылар алаяқтық жасауларын ешқашан қоймайды. Бостандықта сайрандап жүре береді.

Айжан ҚУАШ