$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Орал әуежайы құрылысы нормаға сай емес

AstanaTV
27.11.2014ж. 20:00
1246
Орал әуежайы құрылысы нормаға сай емес

Жаңа құрылыс - жаңа жанжал. Осыдан үш апта бұрын салтанатты ашылған Орал әуежайы енді қайта жабылуы мүмкін. Бұған «Қазаэрожоба» мекемесінің ұшу алаңына көктайғаққа қарсы сұйықтықты шашуға тыйым салуы себеп болыпты. Бұл туралы әуежай басшылығы ақпарат құралдарына бүгін мәлімдеді.

Осындай келеңсіздікке жол бергені үшін азаматтық авиация комитетін айыптаған әуежай өкілдері ұшу алаңына асфальт-бетон материалдарын пайдалануды ұсыныпты. Өйткені цементпен салыстырғанда асфальт-бетон әлдеқайда төзімді келеді, реагенттерді де кедергісіз қолдануға болады. Бірақ бұған көз жұма қараған комитет ұшу алаңын цемент-бетон материалдарынан салғызыпты. Енді ауа райы бұзылар болса, ұшу рейстерінің тұрақты болмайтынын ескерткен әуежай басшылығы ұшу алаңындағы қауіпсіздікке жауап бермейтінін мәлімдеп отыр.

Марғұлан Шәкенов, «Орал» халықаралық әуежайы» бас директорының орынбасары:

Комитет цемент бетоны төселген алаңда көктайғаққа қарсы реагентті қолдануға болмайтынын біле тұра, Орал әуежайына цемент-бетон материалын төсеу туралы шешім қабылдады. Сондықтан облыс пен қала халқына әуежайдың қызметі енді тұрақты болмайтынын ескерткіміз келеді. Қар жауып, жауын-шашын түссе, әуежайдың қызметін тоқтатамыз.

Айта кетейік, Орал әуежайының ұшу-қону алаңын жөндеу ісіне 6 миллиард теңге бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңінде ұшу алаңының ұзындығы мен ені ұлғайтылды. Ал келесі жылы алаңға метеорологиялық құрылғылар мен жарық қондырғылары орнатылады деп жоспарланған еді. Енді тығырықтан шығар жол табылмаса, қыс қаһарына міне оралдықтар тағы да әуежайсыз қалуы мүмкін.

Еркін КАРИН