$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Атырауда инклюзивті оқыту жүйесі енгізілген мектептер өз деңгейінде жұмыс істей алмай отыр

AstanaTV
27.11.2014ж. 20:00
2463
Атырауда инклюзивті оқыту жүйесі енгізілген мектептер өз деңгейінде жұмыс істей алмай отыр

Атырауда инклюзивті оқыту жүйесі енгізілген мектептер өз деңгейінде жұмыс істей алмай отыр. «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында аталған оқу орындарын аралаған арнайы комиссия осындай тоқтамға келді. Инклюзивті оқыту жүйесін қалыптастыру - бұл жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы мен жүріс-тұрысына жағдай жасау. Әр сала мамандарынан жасақталған комиссиямен бірге біздің Атыраудағы түсіру тобымыз да инклюзивті мектептердің жағдайымен танысып қайтты.

Ғабит Мүсірепов атындағы №5 орта мектеп - Атыраудағы инклюзивті оқыту жүйесі енгізілген 36 мектептің бірі. Мұнда ақыл-ойы баяу дамыған балаларға арналған 6 сынып бар. Оқушылар қатарластары секілді мектеп партасында білім алатындарына қуанышты.

Бақыт Өтеғалиева, Атырау қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағЫ №5 орта мектептің мұғалімі:

Оларға орта керек. Мектепте білім алғанды жақсы көреді. Қараңыздар, қуана келеді мектепке. Жиналысқа ата-аналар 100 пайыз қатысады. Олар да қуанышты. Бастапқыда кішкене тартынып, қобалжыған. Кейін өзге балалардай білім алып шығады деп түсіндірген соң, сабақтан қалдырмай алып келеді.

«Ал арбаға таңылған балалар ортада оқуға дайын емес»,- дейді мектеппен танысқан комиссия мүшелері. Онсыз да өмірден теперіш көрген сәбилер де, олардың ата-анасы да қоғамның тесіле қараған назарын көргісі келмейді. Сондықтан мұндай бір де бір оқушы мектеп табалдырығын аттамаған.

Гүлжанар Құбиева, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің дефектологы:

Біреу «мүгедек» деп қол шошайтса, балалар көңіліне алып қалады. Ана-аналардың өздері де бұдан қорқады. Мектепке беруге дайын емес әзірге. Егер ата-ана мен балалар барғысы келсе, әрине, біз ұсынамыз, жібереміз мектепке. Бірақ барлық мектептер дайын болмағандықтан, біздің нұсқама бойынша мұндай балалар негізінен үйде оқиды.

Рас. Салынғанына 30-40 жыл болған мектептерді айтпағанда, биыл ғана пайдалануға берілген оқу ғимараттарының да мүгедек балаларға есігі жабық. Мысалы, №18 Крупская орта мектебі сыртында пандус бар, ал әрі қарай арбаға қозғалыс үшін жағдай жасалмаған. Комиссия мүшесі, І топ мүгедегі Яда Қабақанова арбадағы балалардың мектепке келмеуінің басты себебі осы, деп ашынды.

Яда Қабақанова, І топтағы мүгедек:

Даладағы пандусынан кірдім. Әрі қарай доступ ешқандай жоқ. Үкіметтік бағдарламалар шығып жатыр. Ештеңе істелмеді. Ал мені көтеріп жүріңіздер. Қай баланы қай оқушы көтеріп жүреді, қараңыздар?

Гүлшара Менешова, Атырау қаласындағы Н.Крупская атындағы №18 орта мектептің директоры:

Жобада болмағасын, біздің кінәміз жоқ. Қабылдап алғанда, мен бұл жерде болған жоқпын.

Темір Естебаев, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы:

Біз мүгедектер мәселесін айтқан кезде, пандус орнатсақ болды, бар мәселе шешіледі деп ойлаймыз. Жоқ. Бұл кешенді жұмыс. Балардың жүріп-тұруына ыңғайлылықтан бастап, төтенше жағдай орын алып қалған жағдайда оқшаулау жұмыстарына дейін. Қанша нысанды араладық. Бізде Атырауда ешқандай мектеп инклюзивті оқыту жүйесіне дайын емес.

Атырауда инклюзивті оқыту жүйесі енгізілген 36 мектепте 600-ге жуық бала білім алады. Олардың құқығын қорғау мақсатында арнайы комиссия құрып, мониторинг жүргізген «Нұр Отан» партиясы өкілдері басты кемшіліктерді атады.

Фарида Ахметова, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бөлім меңгерушісі:

Коляскадағы мүгедек балаларға мектеп дайын емес. Өйткені кіреберіс пандустар жоспарларға енген, бірақ әрі қарай кіреберіс баспалдақтары, көтерілетін лестницалары қалыпқа келмеген. Немесе сыныптардағы кіреберіс есіктердің де арнайы стандартқа сай еместігі анықталып отыр. Дефектологтардың, психологтардың, арнайы мамандардың жетіспеушілігі анықталып отыр.

«Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы жүргізілген жұмыстар қорытындысын енді партия жергілікті атқамінерлерге ұсынады.

Базаркүл ІЗІМОВА