$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Тимур Кұлыбаев: Агроөнеркәсіп саласындағы проблемаларды құзырлы органдармен бірлесе шешуіміз керек

AstanaTV
28.11.2014ж. 13:00
1127
Тимур Кұлыбаев: Агроөнеркәсіп саласындағы проблемаларды құзырлы органдармен бірлесе шешуіміз керек

Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенінің астық саласы банкроттық жағдайдың аз-ақ алдында тұр. «Бұл туралы Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді», - деп палата баспасөз қызметі хабарлады. Биылғы жылы шаруалар күрделі проблемаларға тап болған. Ауа райының қолайсыздығынан жиым-терім аз, сондай-ақ Солтүстік өңірлерде тұқым жеткіліксіздігі байқалды. Белгілі аграршы Иван Сауэр бұл проблема көктемгі егіс науқаны кезінде айтылатынына сенімді.
 
Ұлттық палата төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың пікірінше, ауыл шаруашылығы саласында жүйелі негіздегі проблемалар қордаланып қалған.

Тимур Кұлыбаев,  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы:

«Агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі астық экспорттау саласы банкроттық жағдайға жақындады. Ұлттық палата ауыл шаруашылығы бағытындағы мұндай проблеманы шешуге ат салысты, әрі бұл жұмысты жалғастырмақ. Алайда, келер жылдан бастап Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы барлық ведомстволық органдармен бірлесіп жүйелі негіздегі проблемаларға ден қоймақ. Биылғы жағдайдың келесі жылғы науқанда қайталанбауы маңызды болып отыр».  


Түйткілді мәселелерді шешу үшін бес бағыт бойынша нақты жоспар әзірлеу қажет. Бұл қаржыландыру мәселесі, кадрларды дайындау, логистиканы дамыту, шаруашылықтарды ұйымдастыру формалары және, ең бастысы, мемлекеттік қолдауды мейлінше жеңілдету. Өйткені бөлінетін субсидиялардың көлемі мен үлестіру ісінде олқылықтар бар. «Соның салдарынан фермерлерге қажетті қаражаттың белгілі бір бөлігі ғана жетуде», - дейді Тимур Құлыбаев.

Тимур Кұлыбаев,  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы:

«Көптеген елдерде агноөнеркәсіп кешеніне мемлекет қолдау көрсетеді. Бұл дұрыс шешім. Алайда, қаржыны жұмсау мәселесіне келгенде, ойланған жөн. Ақша қайтарымын ескеріп, нақты мақсатты бағыттау керек. Мәселен, шетелден асыл тұқымды мал әкелінсе, алдымен оның азық қорын дайындап алған жөн. Егер жемдей алмасақ, пышаққа саламыз. Тағы бір мысал: қант қызылшасын өсіруге қомақты дотациялар бөлінеді. Алайда, нәтижесінде тек шикізатты ғана өңдейміз. Кейбір өңірлерде астық жиырма жылға жуық егіледі. Бірақ тиімділігі ескерілмейді. Сондықтан Ұлттық палата жергілікті атқару органдары және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп аймақтардың ерекшелігін анықтап алу керек. Басты әрі ең қарапайым міндет - азық-түліктің импортын қысқартып, ішкі нарықты отандық өніммен толтыру болып табылады»


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ