$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қостанайда қос жұмысшының өліміне қатысты арнайы комиссия құрылды

AstanaTV
28.11.2014ж. 20:00
1048
Қостанайда қос жұмысшының өліміне қатысты арнайы комиссия құрылды

Қостанайда кәріз құбырын жөндеу кезінде мерт болған қос жұмысшының өліміне қатысты арнайы комиссия құрылды. Олар 10 күннің ішінде оқыс оқиғаның мән-жайын, себеп-салдарын анықтайды. Бұл жайында қала әкімінің орынбасары бүгін ақпарат құралдарына мәлімдеді.

Еске салайық, кеше кешқұрым шаһардағы Алтынсары мен Фролов көшелерінің қиылысында кәріз құбырларын жөндеп жатқан жұмысшылар топырақ үйіндісі астында қалды. Кенеттен  құлаған топырақ үш адамды басып қалды. «Балқаш Құбыр монтаж» субмердігер компаниясының жұмысшылары 8 метр тереңдікте қалып қойған. Төртінші жұмысшы шұңқырдан шығып үлгеріпті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар екі сағаттан соң 35 жастағы Анатолий Мешалкинді үйінді астынан шығарып алды. Оны дереу облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізген болатын. Дәрігерлер бүгін оның ес жиғанын айтты.

Юрий Моисеев, Қостанай облыстық  көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

Науқас қатты жарақат алған. Сүйектері сынған. Бүгін есін жиды. Ауыр жарақатына байланысты халі нашар. Ол білікті дәрігерлердің бақылауында. Барлық ем-дом жасалып жатыр. Әсіресе бүйрегі асқынып кетпеу үшін алдын-ала  емдеу шаралары қолға алынды.

Оқиға орнында 6 сағат бойы жұмыс істеген арнайы құтқару тобы құм астында қалған Виталий Семенов пен Руслан Төлегеновтің денесін алып шықты. Қайғылы оқиғаға қатысты облыстық ішкі істер департаменті «Қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал қалалық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия төтенше жағдайға жол берген тұлғаларды анықтауға кірісті. Еске сала кетейік, үш апта бұрын Рудный қаласындағы құбырларды жөндеу кезінде де дәл осылай екі жұмысшы мерт болған еді.

Валерий Полешко,  Қостанай қаласы әкімінің орынбасары:

Жөндеу жұмыстары жүргізілген тереңдіктің жан-жағы қоршалуы тиіс. Тіпті қосымша қорғаныс қабырғалары орнатылуы қажет. Талаптар орындалып, қауіпсіздік шаралары ескерілгенде, қайғылы оқиға болмас еді.  

Заңғар САНАЙ