Атырауда
аяқ астынан доллар мен еуро жоғалып кетті. Аймақ тұрғындары таңертеңнен
бері шетел валютасын таппай, сабылумен
жүр. Көк қағаз бен еуродан бөлек, мұнда рубльдің де қарасы көрінбейді. Жалпы, валюта
тапшылығы Тәуелсіздік мерекесінің алдында
байқалған болатын. Екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттері қазір шетел
валюталарын тек сатып алумен ғана айналысып жатыр. Тәулік бойы қызмет
ететін кейбір айырбастау пункттерінің
есігі бүгінде тарс жабық. Валюта
айырбастаушылар таблоға тек АҚШ долларының сату операциясы жоқ екенін жазып
қойған. Дегенмен, еуро мен рубль сұрағандар да кері қайтып жатыр. Оған біздің түсіру
тобымыз куә болды.
Апа, сатуға дым да жоқ, тек теңге бар. Келіп жатыр, тез-тез алып кетіп жатыр.
Біз 4-5 айырбастау
пункітінде болдық. Банк
филиалдарына да бардық. Қала бойынша доллар жоқ. Сатып алып жатыр, бірақ халыққа сатпайды.
Валютаның
бұлайша ғайып болғанына қарапайым халық
алаңдаулы. Олар шаһардағы барлық банктер мен валюта
айырбастау пункттерін жағалап жүгіріп жүр. Есесіне, Ұлттық банктің Атыраудағы
филиалының өкілдері жайбарақат. Олар абыржуға
ешқандай себеп жоқ деп отыр. «Валюта нарығындағы жағдай бақылауда және тұрақты» дегенді алға тартып, елді сабырға шақыруда.
Алтынгүл Молдашева, ҚР Ұлттық банкі Атырау облыстық филиалының
жетекші маман-экономисті:
Ұлттық Банк шетел валютасы бағамдарына күнделікті
мониторингті жүзеге асырады. Қазіргі таңда айырбастау пункттерінде шетел валюталары
жеткілікті көлемде бар. Халықтың дүрлікпе салуына негіз жоқ.
Базаркүл ІЗІМОВА