$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркіменстанның «Ел ағасы» құрметті атағы берілді

AstanaTV
02.12.2014ж. 20:00
1429
Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркіменстанның «Ел ағасы» құрметті атағы берілді

Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркіменстанның «Ел ағасы» құрметті атағы берілді. Айта кетейік, бүгін Қазақстан Президентінің осы елге ресми сапары басталды. Ашхабадтағы «Оғызхан» сарайында қарсы алу рәсімі болды, мұнан соң екі ел басшылары шағын құрамда келіссөз өткізді. «Басқосуда екі елдің саяси және мәдени ынтымақтастығының даму болашағы, көлік-логистикалық қарым-қатынас мәселелері талқыланды», - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркіменстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуды қамтитын екіжақты ынтымақтастық бойынша өзара іс-қимылды ұлғайту керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолы екі елдің экономикалық серіктестігіне елеулі серпін беретінін айтты. Өз кезегінде Гурбангулы Бердымұхамедов Қазақстан Президентінің Түрікменстанға сапары екі елдің өзара ынтымақтастығын жан-жақты кеңейту тұрғысында маңызды екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз сауда, саяси және мәдени байланыстардың деңгейін көтеру үшін, бар күш-жігерді жұмылдыруға тиіспіз деп санаймын. Қазақстан Түрікменстан үшін газ құбырының ғана емес, теміржолдың да транзиттік бағыты болып саналады. Бұрын мұндай болған емес. Ынтымақтастыққа қажетті резервтер көп, оларды халықтарымыздың игілігіне пайдаланған жөн.

Гурбангулы Бердымұхамедов, Түркіменстан президенті:

Сіздің сапарыңыз біз үшін өте маңызды. Бұл екі ел арасында конструктивті диалог орнатып, қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін.

Жұрағат БАМАН