$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Павлодарда «Ертіс» ФК өкілдерін соққыға жыққандарға қатысты сот процессі басталды

AstanaTV
03.12.2014ж. 10:00
1543
Павлодарда «Ертіс» ФК өкілдерін соққыға жыққандарға қатысты сот процессі басталды

«Ертіс» футбол клубының экс-жетекшілерін соққыға жықты деген күдікпен құрықталған төрт азаматқа қатысты сот процессі басталды. Ұсталғандарға «қасақана дене жарақатын салу» дерегі бойынша айып тағылып отыр. Алайда, сот залында айыпталушылар кінәсін мойындамады.

Тергеу материалдарына сәйкес, клубтың бұрыңғы басшысы Хәлімжан Ержанов пен техникалық директор Болат Ысқақовты ұрып соғуға бес адам қатысқан. Бірі ұйымдастырушы да, қалғандары орындаушылар. Соның төртеуі құрықталды. Үш күдікті қамауда, ал бір азаматтан ешқайда шықпау туралы қолхат алынған. Бірақ, бұл қылмысқа қатысты бесінші адам әлі ұсталған жоқ. Әзірге қылмысты жасауға кімнің тапсырыс бергені де белгісіз. Дегенмен, зардап шегуші жақ сот процессі аяқталғанша шындықтың беті ашылатынына сенімді.

Николай Чумаков, Х.Ержановтың өкілі:

Қазіргі уақытта біз тек қана болжам жасай аламыз. Өздеріңіз білетіндей, олар Павлодарға келіп, белгілі бір жұмысты жүргізе бастады. Алайда, оның арты осындай қайғылы жағдайға әкелді. Бұған кім кінәлі немесе бұл кімнің тапсырысы дегенді айта алмаймыз. Мұның бәрін тергеу анықтайды деген сенімдеміз.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кезекті ойыннан үйіне оралған «Ертіс» футбол клубының бас директоры Хәлімжан Ержанов пен техникалық директор Болат Ысқақовқа қастандық жасалған болатын. Мамырдың 18-інде болған оқыс оқиғадан соң Ысқақов дене жарақатымен ауруханаға жатқызылып, бас сүйегіне ота жасалды. Ал, Ержанов болса, алған ауыр жарақатына қарамастан, дәрігердің көмегінен бас тартқан. Әуелде полицейлер «бұзақылық» дерегі бойынша іс қозғаған. Алайда, тергеу барысында бұл бап «қасақана дене жарақатын салу» фактісіне ауыстырылды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ