$485.11 €523.82 ₽5.02
×

БҚО Березовка ауылының тұрғындары өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етуде

AstanaTV
02.12.2014ж. 20:00
1659
БҚО Березовка ауылының тұрғындары өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етуде

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының тұрғындары өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етуде. Төрт күн бұрын балалары жаппай уланып, зәресі ұшқан ауылдықтар мұндай жағдайдың тағы қайталануынан қорқадыМәселенің бүгін-ертең шешілмейтінін айтқан облыс басшысы арадағы дауға арнайы құрылған комиссия нүкте қоятынын айтты. Еркін Кариннің бейнематериалында толығырақ.

Бар ашуын аймақ басшысынан алған ауылдықтар балалардың есінен танып құлауына  іргедегі «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясын кінәлайды. Олар сол күні  ауаға зиянды газ шығарылғанына сенімді. Айтуларынша, жарылыс дүмпуі естілген, әрі кеніш басындағы алау да күндегіден жарық болған. 


Мағзом Ермекбаев, Березовка ауылының тұрғыны:

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясына жыл сайын айыппұл салынады. Былтыр еш рұқсатсыз ауаға газ таратқаны үшін, 2 миллиард теңге айыппұл төледі. Үй ішінен үй тігіп, заңды белден басқан олар табиғат қорғау прокурорларын өз аумағына аттап бастырмайды.

Күнсұлу Сәрсенбаева, Березовка ауылының тұрғыны:

Балаларымыз қырылып қалуға шақ қалды. Әрең деп есін жиғыздық. Жол саламыз, жағдайыңды жасаймыз деген құр уәденің керегі жоқ. Бізді қауіпсіз жерге көшіріңіз. Қазір балам ауырып жатыр, ертең оның мүгедек болып қалуы да мүмкін. Бұл азаптан бізді құтқарыңыз.

Сол күні кеніш басында газ жағылғанын шетелдіктер мойындайды. Бірақ ауаға таралған газ деңгейін өлшейтін стансаларда ешқандай ауытқушылық тіркелмеген. «Мұндай құрылғылар мектеп маңына да орнатылған, ауадағы өзгерістер онда байқалмады», - деген компания өкілдері өздерін кінәлауға еш негіз жоқ дейді.

Стив Райт, ҚПО Б.В. компаниясының өкілі:

Кеніштен шығатын газдың таралуын тексеретін 18 стансаның жұмысы Қазақстан заңдарындағы талапқа сай. Ауыл ішіндегі стансаларға қойылар талап - кеніш басындағы құрылғылармен салыстырғанда 350 есеге жоғары. 28 қараша күні кеніште газ жағылғаны рас. Бірақ өртелген газ адам ағзасы үшін қауіпсіз. Әрі құрылғылар да ешқандай ауытқушылықтарды тіркемеді.

Ауылдықтар қауіпсіз жерге көшіріле ме, жоқ па, бұл мәселе басы ашық күйінде қалды.  Мың жарымдай тұрғыны бар ауылды бір күнде көшіру мүмкін еместігін айтқан облыс басшысы елді сабырға шақырды.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Балалардың мұндай ауыр халге душар болғаны бізге де оңай емес. Дегенмен құр ашуланып, әлдекімді кінәлағаннан гөрі, нақты іске кіріскен дұрыс болар. Түрлі жорамалдардың қайсысы қисынды екенін қарастырып, тексереміз. Ал ауылды көшіру ісін әлі зерттейміз. Өйткені Березовка ауылы санитарлық аймақта емес.

Березовкада уланғандардың қатары бүгінде 29-ға жетті. Олардың 25-і бала. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше,  бес бала дәрігерлер бақылауында. Өзгелері үйіне қайтарылды. Дәрігерлер олардың белгісіз газдан уланғанын растап отыр. Қазір мектеп жұмысын қайта бастаған. Оқиға ізімен қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия құрылды.

Еркін КАРИН