$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Шымкентте ет сатушылар наразылық танытуда

AstanaTV
03.12.2014ж. 10:00
1595
Шымкентте ет сатушылар наразылық танытуда

Шымкентте ет сатушылар шу шығарды. Орталық базарда сауда жасайтын бір топ кәсіпкер базар басшылығының жаңа ережесімен келіспейді. Айтуларынша, оларға тек сауда орны басшылары әкелген етті ғана саудалауға рұқсат бар көрінеді.

Қанат Мырзағалиев, сатушы:

Өзіміздің етімізді әкелеміз десек біздікін аласың, алмасаңдар орын босатыңдар, деп жатыр бізге. Пайда жоқ енді. Сатып жатырмыз, зиянына кетіп жатыр. Мысалы, клиенттеріміз бар арзан бағада алады, мысалы. Қымбат бағада алғанмен басқа базарға кетіп қап жатыр клиенттердің бәрі.

Жандарбек Қыстаубаев, сатушы:

Мен бір күнде кассамды есептеп шығарған кезде солардың ақшасын шығарып бердім, малдың ақшасын. Өзім 2 мың 700 минусқа кеттім. 2 мың 700 теңгеге. Қасымдағы балдар 5-6 мыңнан кеткендер болды минусқа. Сонда біз құры сүйек саттық. Еттің бәрін ап қойды. Бала-шағаны немен бағамыз сонда.

Жиырмаға жуық ет сатушы сауданы тоқтатқан. Олар басшылық ұсынған еттің бағасы өздеріне қымбатқа түсіп жатқанын айтады. Оның үстіне сапасына да көңілдері толмайды. Бұған дейін 1 келі етті 950-980 теңгеден қабылдап келсе, енді жаңа баға бойынша 80-100 теңгеге қымбатқа түсіп тұр. Сату бағасы 1 мың 200 теңгеге шарықтап кеткендіктен алушыны жоғалтамыз, дейді. Әзірше бұл қиындық ірі қара етін сатушыларға түсіп тұрған көрінеді. Ал сауда орны басшылары бұдан халық та, саудагерлер де ұтылмайды, деп отыр. Бұған дейін сынақ мерзімінде сауда жасасқандар бүгіннен бастап мал бордақылайтын орынмен заңды түрде келісім-шартқа тұрмақшы. Бұл келісім ұрланған, ауру малдардың саудаға шығып кетуіне тосқауыл болатын көрінеді.

Серік Ұзақбаев, «Орталық қырғы базар» АҚ құрылтайшысы:

Бағаны түсірейік деген үмітпен осындай жұмыс істелініп жатыр. Сондықтан, бүгінгі таңда айқайлап, дау көтеретіндей жағдай болып жатқан жоқ деп ойлаймын. Мынау халықтың Жаңа жылдың қарсаңында еттің бағасы тұрақталып тұрса және де еттің сапасы жақсы болған деген ойда істеліп жатқан іс-шара.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ