$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Ақтөбеде жылыжайлар көбейгенімен, көкөніс арзандамай тұр

AstanaTV
03.12.2014ж. 10:00
1379
Ақтөбеде жылыжайлар көбейгенімен, көкөніс арзандамай тұр

Базар сөрелерінде баға шарықтап барады. Әсіресе азық-түлік құнының Жаңа жыл қарсаңында қымбаттауы әдетке айналған. Ақтөбеде жергілікті жылыжайда өсетін қызанақтардың құны оңтүстіктен келетін өнімдерден кем түспей отыр. Жол шығыны жоқтығына қарамастан, бағбандар өнім бағасына 2 есе үстеме жасаған. Аймақта жылыжайлар көптеп ашылғанымен, бағаның төмендеуне сеп болмай отыр.

Ақтөбе маңында 4 жылыжай бар. Қызанақ пен қиярды қыс мезгілінде нарыққа солар ұсынады. Бұл суық кезде оңтүстіктен келетін көкөніс бағасының шарықтап кетпеуіне септігін тигізуі тиіс. Бірақ, олай болмай тұр. 2 ай бұрын келісі 200 теңгеге саудаланған қызанақтар бүгінде 400 теңгеден жоғары. Көкөніс тапшы болатын қаңтар-ақпанда бағаның қалай болары тіптен белгісіз.

Зоя Каренова, Ақтөбе тұрғыны:

Жергіліктінің бағасы арзан болу керек. Неге десең қандай да болғанда расход жоқ қой.

Фариза Нұрғалиева, сатушы:

Теплицаның бағасы арзандау болу керек деп ойлаймын. Себебі, ол өзіміздің жерде, Ақтөбе жерінде өндіәрілгеннен кейін өзіміздің халыққа сатып алушыларға тиімді деп ойлаймын. Ал, басқа жақтарға шығарса, кішкене қымбат бағамен шығаруға болады деп ойлаймын.

Өндірушілер қымбатқа сатады деген пікірді сатушылар да қолдайды. Оның үстіне оңтүстіктен келетін томат құнының да арзан еместігін алға тартуда. Жылы жақтан келген өнімдерге қарап, жергілікті бағбандар да өз тауарларын бағалайтын көрінеді.

Жұмагүл Аманғосова, сатушы:

Біздің өндірушілер Ташкенттен келетін қызанақтардың бағасын қарайды. Ташкенттікілер қымбаттатса, жергілікті өндірушілер де лезде бағасын көтереді.

Шенеуніктердің баға саясатын тұрақтандырамыз деген ұмтылысы әзірге нәтижесіз. Тұрғындар аймақтағы жылыжайлардың көмегін сезіне алмай отыр. Шаһардың сұранысын толықтай қамтуға мүмкіндік жоқ. Жылына тек 2 мың тоннадай өнім жергілікті жылыжайларда өндіріледі.

Мұрат Тоқболатов, Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы:

Біздің бағдарлама бойынша агломерация деп жатырмыз, осы Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны көбейеді. Сол себептен қажеттілік тағы өседі. Сол себептен біздерге әлі де болса 7-8 жылыжай құру керек деген жоспарлар бар.

Жергілікті билік жекеменшік мекемелердің баға саясатына араласа алмаймыз, дейді. Тек әр сенбі сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінде 30 пайызға арзан өнімдерді сатып алуға кеңес береді. Ал, болашақта тағы да жылыжайлар ашып, қымбатшылықпен күресуден өзге амал жоқ.

Мансұр ЕСҚОЖИН