$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Энергетика министрлігі: Бензин бағасы көтерілуі мүмкін

AstanaTV
03.12.2014ж. 20:00
1308
Энергетика министрлігі: Бензин бағасы көтерілуі мүмкін

«Бензин бағасы көтерілуі мүмкін. Бірақ ол 300 теңгеден аспайды». Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин осындай болжамымен бөлісті. Еске салсақ, сенатор Ләззат Қиынов баға 370 теңгеге дейін шарықтауы ықтимал деген еді.

«Алпауыт шетелдік компаниялар мұнайды елдегі ішкі баға бойынша өңдеуге келіспей отыр. Әлемдік баға болғанын қалайды. Ал Қазақстанның ішкі нарығына қажет шикі мұнайды әлемдік бағамен сатып алсақ, АИ-95/96 маркалы бензин құны 350-370 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін», - деп Сенат депутаты алаңдаушылық білдірген. Ол Барлау жұмыстарын тоқтатпай, мұнайдың жаңа қорларын тездетіп ашуды да ұсынды. Энергетика вице-министрінің ойынша, ірі кеніштердің мұнайын өндіріске жұмсаған жағдайда өнім қымбаттауы мүмкін, бірақ үш жүз теңгеден аспайды.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

Шынтуайтында, шикізатты сол үш зауытта отырған компаниялар емес, мүлдем басқа компаниялар жеткізіп тұрады. Олардың ішінде «ҚазМұнайГаз», «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «ПетроҚазақстан» және тағы басқа компаниялар. Мұнан бөлек, қазір жаңа кен орындарын ашу мен кеңейту жұмыстары атқарылып жатыр. Осының арқасында біздегі мұнай өңдеу зауыттарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Егер қазіргі ірі мұнай кендерінен қосымша өнім сатып алатын болсақ, онда баға көтерілуі мүмкін. Бірақ ол 300 теңгеден аспайды. Бұл - менің жеке ойым.

Сондай-ақ, Ұзақбай Қарабалин Батыс Қазақстан облысынының Березовка ауылындағы балалардың улану фактісіне де тоқталды. Егер адамдардың жақын маңдағы Қарашығанақ мұна́й-газ конденса́тынан тараған газдан уланғаны анықталса, кен орнының қожайындары өтемақы төлеуге міндетті,- деді ол. Айта кетелік, тұрғындары естен танып, аяқасты ауруханаға жеткізілген Березовка ауылы Қарашығанақ кенішіне жақын орналасқан.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

Жақын маңда кен орны болса, бар пәлені соған жаба салу оп-оңай. Улы газ Қарашығанақтан тарады деген мәлімет әлі дәлелін тапқан жоқ. Тексеру, сынама жұмыстары жалғасуда. Дегенмен заңға сәйкес кен орны иелері алдын ала сақтандыру жұмыстарын жүргізулері тиіс. Егер кеніштің кесірінен біреу уланса немесе зардап шексе, мекеме айыппұл төлеуге міндетті.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА