$541.01 €640.34 ₽6.52
×

Бейжің: Ұлыбритания Гонконгта болып жатқан оқиғаларға жауапты емес

AstanaTV
03.12.2014ж. 20:00
Бейжің: Ұлыбритания Гонконгта болып жатқан оқиғаларға жауапты емес

Ұлыбритания Гонконгта болып жатқан оқиғаларға жауапты емес. Ресми Бейжің осылай деп мәлімдеді. «Рейтерс» агенттігінің хабарлауынша, Лондонға қатысты ашық пікірін Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі білдірген.

Бұған дейін Қытай Британия парламенті өкілдерінің елге кіруіне рұқсат бермей қойған еді. Ресми өкілдің айтуынша, Лондон Гонконгқа билігін жүргізе алмайды. Сондықтан аспан асты елінің ішкі шаруасына араласпауы тиіс. Осыдан біршама уақыт бұрын британдық парламент өкілдері Гонконгқа қақтығыстар шиелініскен сәтте баруға ниеттенген. Ал өткен демалыс күндері тағы да полициямен қақтығысқан бүлікшілер кезекті талаптарын қойды. Олар, ресми Бейжің 2017 жылы Гонконг әкімшілігі басшысының сайлауына қатысты шектеулерді алып тастауы тиіс, деп есептейді. 

Хуа Чуньин, Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Ұлыбритания Қытайға өткен Гонконгқа билік ете алмайды. Олар «моральдық жауапкершілік» деген желеумен Қытайдың ішкі шаруасына араласпақ ниетте. Бірақ талпыныстары сәтсіз аяқталады. Өйткені Қытай мұндайға жол бермейді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ