$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Шығыс қазақстандық фермерлер мал шаруашылығымен айналысуға құлықсыз

AstanaTV
03.12.2014ж. 20:00
1593
Шығыс қазақстандық фермерлер мал шаруашылығымен айналысуға құлықсыз

Шығыс қазақстандық фермерлер мал шаруашылығымен айналысуға құлықсыз. Олар бұл кәсіптің тәуекелі көп деп отыр. Себебі асыл тұқымды мал басынан айырылу қаупі бар. Өткен көктемде сарып ауруына күдікті малдар пышаққа ілінген. Бұл туралы біздің арнамызға өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі мәлімдеді. Мал басын көбейтудің машахаты жайында толығырақ тілшіміздің бейнематериалында.

Константин Ивашовтың қожалығында үш мың бас шошқа бар. Бұл аймақтағы асыл тұқымды мал ұстайтын жалғыз шаруашылық. Оның өнімін тіпті көрші Ресейден де іздеп келетіндер бар. Алдағы уақытта оны 5 мың басқа жеткізіп, ет экспортын қолға алу ниеті бар. Алайда қиындықтар жетерлік. Фермер шошқа қиын қорғасын, уран сынды улы химикаттармен теңестірген облыстық экология департаментімен екі жыл қатарынан соттасуда.

Константин Ивашин, фермер:

Бізге «ауыл шарушылығы қалдықтарын» тастады деп құжат беріп отырған экология департаменті улы қалдықтар мен қидың ерекшелігін әлі де ажыратар емес. Негізі бір айлық есептік көрсеткіштің 0,9 бөлігін ғана төлеуіміз керек. Ал оның орнына іс жүзінде 6 пайыздық жарнамен улы қалдықтар тарифімен төлеп отырмыз.

Фермердің айтуынша, бұндай түсініксіз жағдай тек Шығыс Қазақстанда орын алды. Кәсіпкер зертханалық сараптамаларды ұсына отырып, малдың қиын ауыр металлургия қалдықтарына теңестіруге болмайтынын дәлелдеп бағуда. Алайда экологтар, торайлар қоршаған ортаға 500 миллион теңге залал келтірді деп, айтқанынан қайтпайтын көрінеді.

Константин Ивашин, фермер:

Бұл айыпты төлеген күнде, шаруаны тоқтатуға тура келеді. Себебі еттің құны келісіне 5-6 мың теңге болған жағдайда ғана шығын ақталады.

Экологтар жергілікті сүт өндіруші шаруалармен де келіспейді. Бірнеше жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі сарыпқа қарсы екпе жасауға тыйым салып, орнына ИФС екпесін еңгізді. «Алайда отандық ветеринарлық зертханалар мал ағзасындағы вакцина мен инфекцияны анықтай алмайды», - дейді фермерлер. Нәтижесінде, көктемде сарыпқа шалдыққан ауру малмен бірге өзге түліктер де пышаққа ілінді. Соңынан ресейлік зертханалар сау малды аман алып қалуға болар еді деген сараптама жасаған. 


Дүйсенбай Селіханов, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Сарып вирусын жұқтыруы мүмкін деген малдың барлығының көзін жойдық. Мал ағзасындағы вирус пен вакцинаны анықтайтын сараптамаға қосымша қаражат қажет еді. Ал бюджетте ол ақша қарастырылмаған.

Мал дәрігерлерінің біліксіздігі үшін мемлекет қомақты қаражат жұмсады. Сойылған малдың өтемақысы нарықтағы ет құнымен қайтарылды. Алайда ол ақша шаруаларға жұбаныш болмады. Көпшілік асыл тұқымды малынан айырылды.

Олга Граф, мал дәрігері:

Халық қара малды көбейткісі келмейді. Екпе жасату керектігін білсе де, жасатпайды, қорқады. Өздері сол малдың етін жеп, сүтін ішіп отыр. Ал ертең малдан ауру анықталуы әбден мүмкін.

Өңір активімен кездескен әкім мал шаруашылығы бойынша алдыңғы қатарда болған облыстың қазіргі жайын түсінбей дал. Кәсіпкерлер қожалық ашуға асықпай отыр. Себебі мал басы көбейген сайын, тәуекел де арта түседі.

Почему вы не строите фермы до 200 голов при субсидировании до 50%, вы должны заниматься этой задачей.

Фермерлер қожалық салу қажеттігін түсінеді, алайда іске келгенде қиындықтарға тап болады. Қауіпті, айыппұлдар көп, тіпті субсидия алу да бір ізге түспеген.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ