$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының кезекті тур ойындары болып өтті

AstanaTV
03.12.2014ж. 20:00
1365
Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының кезекті тур ойындары болып өтті

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының кезекті тур ойындары болып өтті. Бұл сында Атырау қаласының «Бейбарыс» клубына қонаққа барған Теміртаудың «Арыстан» командасы булит сериясында үздік шықты.  Самат Қанағатов толықтырады. 

Кездесуді жоғары жылдамдықпен бастаған қонақтар бірінші болып есеп ашты. Данияр Ахметовтың пасынан кейін мергендігімен көзге түскен Максим Шарифьянов командасын алға шығарды. Бұл шайбадан кейін шабыттанған Вячеслав Беланның шәкірттері келесі сәтте есепті еселеді. Бұл жолы Данияр Ахметовтың соққысын айдын иелерінің қақпашысы қайтара алмады.

Қатарынан екі шайба жіберіп алғанына қарамастан, жасымаған «Бейбарыс» хоккейшілері кездесудің аяқталуына 2 минут қалғанда таразы басын теңестіріп кетті. Алдымен Александр Победоносцев есепті бір шайбаға дейін қысқартса, артынан Ярослав Кмить мергендігімен танылды. Негізгі уақыт пен овертаймда жеңімпаз анықталмағандықтан, командалар булит сериясында бақ сынап көрді. Бұл лотереяда жолы болған «Арыстан» командасы 2 ұпайды олжалады. Бүгін командалар өзара қарымта кездесу өткізеді.

Ұлттық хоккей лигасының кезекті тур ойындары болып өтті. Бұл сында «Ванкувер» клубын қабылдаған «Детройд» командасы 5-3 есебімен басым түсті. Үшінші кезеңнің басында қонақтар екі шайба айырмашылығымен ұтылып жатты. Дегенмен, қарымта шабуылдың бірінде Линден Вей есепті бір шайбаға дейін қысқартты.

Бірақ қуанышы көпке созылмады. Кездесудің соңғы минутында бос қақпаны нысанаға алған Павел Дацюк есепті қорытындылады.

Самат ҚАНАҒАТОВ