Батыс
Қазақстандағы Берёзовка ауылында тағы 6 тұрғын өздерін жайсыз сезініп, дәрігерлер көмегіне жүгінді. Олардың
төртеуі тиісті тексерулерден соң үйлеріне қайтарылған. Ал екі адам жедел түрде
ауруханаға жатқызылды. Осылайша, белгісіз газдан уланды деген күдікпен емхана
төсегіне таңылған балалар қатары 7 адамға жетті. Бұл жөнінде Березовка ауылында
жүрген арнамыздың тілшілері хабарлады.
Еске салайық, 28 қарашада Березовка орта мектебінде 20 шақты оқушы есінен танып құлаған. Содан
бері уланғандар қатары күн санап артумен келеді. Ауыл тұрғындары бұл
жағдайға іргедегі «Қарашығанақ
Петролиум Оперейтинг» компаниясын кінәлады. Олар сол
күні ауаға зиянды газ шығарылғанына
сенімді. Балалардың газдан улануы мүмкін екенін дәрігерлер де жоққа шығармады.
Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы Қарашығанақта кешенді түрде тексеру
жүргізілетінін мәлімдеді. Арнайы тексеріс Бас
прокуратураның санкциясы негізінде жүзеге аспақ. Егер газдың ауаға таралуы мен
балалардың жаппай улануы арасында байланыс болса, аталған компанияға
және оның жекелеген қызметкерлеріне шара қолдану мәселесі қойылуы мүмкін.
Еркін КАРИН