$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Ресей рублінің құнсыздануы көлік нарығына айтарлықтай әсер етуде

AstanaTV
04.12.2014ж. 20:00
1182
Ресей рублінің құнсыздануы көлік нарығына айтарлықтай әсер етуде

Ресей рублінің құнсыздануы көлік нарығына айтарлықтай әсер етуде. Қызылжар өңірінің халқы көрші елден жаппай темір тұлпар сатып алуға көшті. Салдарынан жергілікті жүргізушілер қолданыстағы көлігін сата алмай әуреге түсіп жүр. Ал шығынға батқан көлік салондары тұрғындардың қызығушылығын оятатын түрлі амалдар қолданып әлек. Көлік саудасындағы қарбаласты аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин саралады.

Петропавлдағы көлік базарында бір жан жоқ. Әдетте мұнда адамдар сапырылысып, күніне он шақты келісімшартқа қол қойылатын. Ал қазір сатып алушылар мүлде көрінбейді. Осында тұрып қалған 150-дей көліктің аптасына тек 1-2-і ғана сатылады екен. «Оның өзінде тек демалыс күндері»,- дейді базар күзетшісі.

Қазір жаңа көліктер нарығының да жағдайы көңіл көншітерлік емес. Алып компаниялардың ресми өкілдері шығынға батып отырмыз деп, дабыл қағып отыр. Қылауы түспеген темір тұлпарларды сату үшін олар түрлі акциялар мен жеңілдіктерді енгізіп жатыр.

Көлік саудасының соңғы екі айда 15 пайызға төмендегенін көлік сату салонының директоры да растады. Қазір нарықта бәсекелестікке ие болу үшін олар кей көліктердің бағасын 1,5 мың долларға дейін арзандатқан.

Алексей Осипов, көлік сату салонының СҚО бойынша филиалының директоры:

Қызмет көрсетудің аясын кеңейттік. Мысалы, жаңа көліктің кепілдігі үш жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Ал көлік жүрісі енді 150 мың шақырымды құрайды. Әзірге осындай жолмен тұтынушыларды тартатын ойымыз бар.

Ресей валютасының құнсыздануына байланысты қазақстандықтар көрші елге ағылып жатыр. Қолжетімді бағаға қызыққан жүргізушілердің басым бөлігі тарапынан «VIP» санаттағы көліктерге сұраныс артқан. Елімізде ресейлік көліктердің көбейгенін жол сақшылары да растады.

Сәрсенбі Мұқышев, СҚО ІІД тіркеу-емтихан қабылдау бөлімі бастығының орынбасары:

Көліктердің 80-90 пайызы Ресей елінен біздің Қазақстанға кіргізіліп жатыр. Оның алдында 50-60 пайызы сол Ресей елінен әкелініп жатты. Бүгінгі күнде халық жаңа көліктерді алуға тырысып жатыр.

Бейресми дерек көзіне сүйенсек, Ресейдің шекараға жақын аймақтарында көліктердің саны мейілінше азайған. Қазақстан азаматы Константин Катуниннің сөзі бұған дәлел болса керек. Петропавл тұрғыны су жаңа темір тұлпарды сонау Самара қаласынан алып келді. Баға айырмашылығы - жер мен көктей дейді.

Константин Катунин, Петропавл қаласының тұрғыны:

Ресейден көлік алып, 2 мыңдай АҚШ долларын үнемдедім. Кей қазақстандықтар  пәтерлерін банкке кепілге қойып, несие алып, сол ақшаға Ресейден үй, көлік сатып алып жатыр деп естідім. Бір жағынан тиімді. Көрші елдің бағалары шамамен 20-30 пайызға арзандады.

Ал кей сарапшылардың пікірінше, көрші елден көлік алғандар пайдаға кенеледі деген бос қиял. Себебі ол жақтың салықтары мен біздің салықтарды қоса есептегенде, баға айырмашылығы аса сезілмейді. Айта кету керек, сұраныстың аспандап кеткенін байқаған ресейліктер көлік бағасын бірте-бірте қымбаттата бастапты.

Абзал ҚҰРМАНКИН