$485.11 €523.82 ₽5.02
×

«Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы қазақ тілді БАҚ-ның түйткілді мәселелеріне арналды

AstanaTV
04.12.2014ж. 20:00
1330
«Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы қазақ тілді БАҚ-ның түйткілді мәселелеріне арналды

«Қазақстанда электронды ақпарат құралдарының деңгейін рейтингпен бағалау жүйесін алып тастау керек. Себебі ол көрерменді сауатсыздыққа итермелейді». «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында осындай ұсыныс айтылды. Жиын қазақ тілді БАҚ-тың басындағы түйткілді мәселелерге арналды. Еліміздегі 22 арнаның 13-де рейтинг бойынша сериалдар көш бастап тұр. Екінші орында ойын-сауық, шоу  бағдарламалар.

Көрерменнің ой өрісін кеңейтетін танымдық хабарлар сондай жеңіл-желпі дүниелердің тасасында қалып қояды. Осылай деп дабыл қаққан жұмыс тобы өкілдері ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Арнайы құрылған жұмыс тобының жетекшісі Бекболат Тілеухан ұлтымыздың болмысына қайшы келетін, баланың психологиясына кері әсер ететін бағдарламаларды мүлде алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ, жеке меншіктегі ақпарат құралдарына бөлінетін қаржыға бақылау керек екендігі айтылды. Қазақстандағы БАҚ-тың 24 пайызы ғана мемлекет меншігінде. Газеттердің 70 пайызы, ал электронды ақпарат агенттіктерінің 96 пайызы жеке меншікте. Телеөнім дайындайтын аутсорсинг компаниялардың деңгейін тексеру, олардан сапалы өнім талап ету ұсынылды.

Бекболат Тілеухан, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Осының бәрінен айналып келгенде «ақпарат саласындағы жаңа концепцияның» қажеттілігі туындап тұр. Қазір ақпарат таратушы бар, ақпаратты қабылдап алушы бар, ақпаратты қабылдап алған адам мына айфонын суырып алады да, бұл да ақпарат таратушы болып отыр. Олардың бәрі міндетті түрде ұлттың, мемлекеттің мүддесіне болуы керек және ең басты нәрсе - мемлекетіміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің тәуелсіздігіне жұмыс істеуі керек.

Отырыста радио мен электронды сайттардың мәселесі де көтерілді. «Қазақ аудиториясына қажетті сайттарға қолдау керек», - деді сөз алғандар. Сондай-ақ, сайт ашуға берілген қаржының қадағаланбай отырғаны айтылды. Ал ұлтқа пайдалы жобаларды бастаған сайттардың  өз қаржысымен күн көріп кетуіне жағдай жасау керек деген ұсыныс тасталды. 

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ