$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қарағандыда сейфтегі бар мүлікті ұрлаған қарақшылар иен далада адасып кетті

AstanaTV
05.12.2014ж. 10:00
1112
Қарағандыда сейфтегі бар мүлікті ұрлаған қарақшылар иен далада адасып кетті

Қарағандыда қожайындарын тонап, қашып кетпек болған ұрылар ұсталды. Оңай олжаға кенелмек болғандар, Ұлытау ауданының Байқоңыр ауылдық округі қыстағындағы жеке шаруашылықтың жұмысшылары болып шықты. Олар қожайынының үйіндегі сейфтен 4 миллион теңге, 1 жарым мың АҚШ доллары мен алтын әшекей бұйымдарды қолды еткен.

Ұлытау аудандық ІІБ-ның дерегіне сай шаруа қожалығының жұмыскерлері: әйел мен ер адам бағалы сейфтің барын бұрыннан білген. Сондықтан, қожайындарының жоқтығын пайдаланып, үйдің есігін бұзып кіріпті. Құлыпта тұрған сандықтан, онда бар заттың бәрін алады. Сөйтіп, иен далаға қарай қашамыз деп жүріп, адасып кеткен. Тәртіп сақшылары оларды адасып жүрген жерінен тауып, тұтқындады. Дер кезінде қолға түспегенде, ұрылардың жапан далада үсіп өлуі мүмкін еді, дейді полицейлер. Қазіргі таңда, сұғанақтар уақытша тергеу изоляторына қамалған. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.

Әділхан Ержанов, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Ііб-нің тергеушісі:

Шаруа қожалығының иесі үйінің ішіндегі сейфтен 4 млн теңге, 1500 АҚШ доллары мен зергерлік бұйымдар ұрланғанын хабарлаған. Қазір ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 175-бабы 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айжан ҚУАШ