$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қостанайлық зейнеткер өзгенің борышын өтеуге мәжбүр

AstanaTV
05.12.2014ж. 20:00
1070
Қостанайлық зейнеткер өзгенің борышын өтеуге мәжбүр

Қостанайлық зейнеткер өзгенің борышын өтеуге мәжбүр. Қарт әжейдің зейнетақысының тең жартысы екі айдан бері әлдебір пәтердің коммуналдық қарызын жабуға кетіп жатқан көрінеді. Сот осындай шешім шығарған. Бір қызығы, әлгі пәтер Рудный қаласында орналасқан. Ал, қостанайлық қария, басқа жақта ешқандай баспанам жоқ деп, азар да безер. Бөгде біреудің берешегін төлеп жүрген зейнеткердің зарын тілшіміз Заңғар Санай тыңдап қайтты.

Қарашаның зейнетақысын алуға асыққан Татьяна Федорова тиісті соманың жартысына ғана қол жеткізді. Оған 33 мың емес, 17 мың теңге төленді. Қалған ақшаның қайда кеткенін білу үшін әжей зейнетақы төлеу орталығына жүгінген. Орталық мамандары қаражаттың жартысы Рудный қалалық сотының шешімімен коммуналдық қарыздарды өтеуге ұсталғанын жеткізді.

Татьяна Федорова, зейнеткер:

Алғашқы күндері қатты алаңдадым. Түні бойы қан қысымым көтеріліп, мазам кетті. Маған тиесілі қандай пәтер, қайдағы қарыз деп он ойланып, жүз толғандым. «Бұған дейін тиісті мекемелер неге хабарламады? Сот болатынын неге айтпады?» деген сауалдар мені сары уайымға салып қойды.

Қарт ана халыққа қызмет көрсету орталығына да барған. Бұл жерде берілген анықтама бойынша, Татьяна Федорованың атына Рудный қаласында ешқандай баспана тіркелмеген. Ал көрсетілген мекен-жайда аты-жөні мен тегі әжеймен сәйкес келетін адам тұратыны анықталды. Енді зейнеткер борышкердің өзі емес, өзге біреу екенін дәлелдеуге кірісті. Сот орындаушыларға мәселенің мәнісін түсіндіріп, атқару ісін уақытша тоқтатуды сұраған.

Несібелі Бәсенова, Қостанай облысы бойынша өңірлік жеке сот орындаушылары алқасының төрайымы:

Негізі тексеру керек еді. Өйткені жаңағы сот орындаушысының тарапынан шамалы нарушениялар көрінді. Сондықтан біз істі тоқтатып қойдық. Осының бәрі нақты анықталып болған соң, әрі қарай орындала ма, әлде орындалмай ма, белгілі болмақ.

Сергелдеңге түскен Татьяна Федорова облыстық соттың төрағасына арыз жазып, жеке қабылдауына жазылды. Қария өрескел келеңсіздікке жол берген тиісті мекеме өкілдерін анықтап, жазаға тартуды сұрайды.

Гүлнәр Исмаилова, Қостанай облыстық сотының судьясы:

Қазіргі таңда сот шешімі күшіне енген. Егер жауапкер сот шешімімен келіспеген жағдайда осы жылдың 29 желтоқсанына дейін сот шешіміне кассациялық шағым жазуына болады.

Сот өкілдерінің айтуынша, зейнеткер әуелі Рудныйда тұратын борышкер емес екенін дәлелдеп, өзін ақтап шығуы тиіс. Содан кейін талапкер ретінде коммуналдық кәсіпорынға қатысты талап-арыз түсіріп, материалдық және моральдық шығындарын өндіріп алуға құқылы.

Заңғар САНАЙ