Елордада Тәуелсіздік күні мен «Нұр Отан» партиясының 15 жылдық мерейтойына орай «Мәңгілік ел - мұратым» атты республикалық ақындар айтысы басталды. Көмейінен өлең төгілген айтыскерлер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, жырдан шашу шашты. Арқаның ақ түтек боранына қарамастан айтыс десе ішкен асын жерге қоятын халық залға лық толды. Бір кездері көгілдір экраннан жоғалып кеткен ұлттық мұрамыз айтысты «Нұр Отан» партиясы қолға алып, қайта жандандырды.
Аузымен құс тістеген 22 ақын Астанада айтыс көркін қыздыруға кірісті. Екі күндік доданың ақтық сайысына 8 жұп өтеді деп жоспарланған. «Алтын домбыраның» иегері сол кезде анықталады. Ақындар арқау еткен негізгі тақырыптар - бірлік, татулық тақырыбы. Дегенмен, ұлт тағдыры мен халық тұрмысы да суырып салма ақындардың аузында.
Ақындарын халық шынымен сағынғандай. Қара домбырасын арқалап шыққан әр ақынға қошеметін аямай жатты. Екі күндік сайысқа кіл мықтылар жиналды. Талай додаларда дес бермеген, жалына қол апартпайтын асаулар - Балғымбек Имашев, Айбек Қалиев, Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева, Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Сара Тоқтамысова, Біржан Байтуов, Еркебұлан Қайназар сынды от тілді, орақ ауыз ақында көш бастады. Алғашқы жұп астаналық Нұрмат Мансұров пен алматылық Болатбек Оразбай. Болатбек - марқұм Оразалы Досбосыновтың шәкірті. Айтыс сүйер қауым жас жігіттің жырынан Оразалының қолтаңбасын көргендей қуанды.
Сондықтан да, қазағым, бас-басыңа би болмай, Үй ішінен үй болмай, Ел бірлігін ойлаған басшыңды, Түс қазығыңды тоналтпай, Түп қазығыңды жоғалтпай, Ел боламын десең мәңгілік, Есіңді жияр сәт туды.
Елдік, бірлік, ұлт татулығы, тәуелсіздік тұғыры әр ақынның аузында. 22 ақын он бір жұпқа бөлініп сайысты. Айтыстың тізгінін Жүрсін Ерман өз қолына алды. Қазылар алқасы қатарында «айтыстың мұзжарғышы» атанған академик Мырзатай Жолдасбеков бастаған ұлт пен тіл жанашырлары отырды. Көптің көкейін бас жүлде «Алтын домбыра» кімге бұйырады деген сауал тескен. Өткен жылғы «Алтын домбыра» иегері Жандарбек Бұлғақов биыл да «Алтын домбырадан» үміті барын жасырмады.
Жандарбек Бұлғақов, ақын:
Жалғыз менің ойымдағы нәрсе емес, бүгінгі айтысқа қатысып отырған 22 ақынның әрқайсысы алтын домбырадан үмітті ғой. Үміттімен, әрине. -Кім алады деп ойлайсыз? -Оны бір Алладан басқа ешкім білмейді ғой. Бірақ енді бастысы алтын емес.
Былтырдан бері «Нұр Отанның» 15 жылдық мерейтойына арналған ондаған айтыс өтті. Партияның қолдауымен биылдың өзінде Талдықорған, Ақтау, Тараз, Қарағанды, Шымкент, Өскемен қалаларында республикалық додалар ұйымдастырылып, айтыс сүйер халықты тәнті етті. Ақындардың айтары көп, дегенмен ең бастысы - ұлт тұтастығы.
Нұрмат Мансұров, ақын:
Әлем әлемтапырық болып жатыр. Осындай уақытта тек ұлттың, елдің тұтастығы керек. Алла берген азаттықтан айырылып қалмас үшін, тұтастық керек. Сол бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болды.
Көрермен асыға күткен жұптың бірі - аты көпшілікке танымал Айбек Қалиев пен Айнұр Тұрсынбаева. Халық сүйікті
ақындарын қошеметпен қарсы алып, шапалақтарын аямады.
Үкімет Арқалыққа жаны ашыса, Елбасы айтқан «Нұрлы
жолды» ойласын, Бостандық деп әз басын құрбан еткен Ахаң мен Жахаң туған төрді
ойласын. Азаттық деп күреске алғаш шыққан Амангелді кейкідей ерді ойласын.
Желпініп астындағы кенді ойламай, жерінің үстіндегі елді ойласын.
Ел ертеңін, қара халық тағдырын, жер байлығын
өлеңмен өріп, жыр сүйер қауымның жүрегіне жеткізе білген ақындар біздің, яғни
журналистердің де, жағдайын ұмытпады.
Радио, телеарнада әнші біткен, ең мықты журналист
деп саналады. Дипломды журналист далада қап, олардың нанын тартып жеп алады.
Бүйте берсе, көр де тұр, сол жұлдыздар мына біздің айтысқа да кеп алады.
«Мәңгілік
ел - мұратым» деп айдар таққан айтыс нүктесі ертең қойылады. «Алтын домбыра»
иегері де сол сәтте анықталады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ