$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Түркиядағы Эрменек шахтасында қаза тапқан кеншілер табылды

AstanaTV
08.12.2014ж. 13:00
1568
Түркиядағы Эрменек шахтасында қаза тапқан кеншілер табылды

Түркияның Қараман қаласы Эрменек елді мекеніндегі шахтада жарылыс кезінде жер астында қалған 18 кеншінің денесі толық жер бетіне шығарылды. Апаттан көз жұмған шахтерлардың соңғы бесеуінің мәйіті 38 күннен кейін табылып отыр.

Түркиядағы тілшіміздің хабарлауынша, із-түссіз кеткен жұмысшыларды іздестіруге екі мыңға жуық маман ат салысып, олар 4100 вагон балшық аралас көмір шығарған. Апат кезінде құбыр жарылып, 11 мың тонна су басып қалғаны белгілі. Бүгінде төтенше оқиғаның себебі анықталып, кінәлі азаматтар қамауға алынды.

Тексеру органдарының мәлімдеуінше, жауапты мамандардың салғырттығынан қауіпсіздік шарасы қолға алынбаған және артық су уақытылы тартылмаған. Сол себепті құбыр жарылып, жұмысшылардың жолы жабылып қалған.

Сондай-ақ, басқа да ережелердің өрескел бұзылғаны белгілі болды: кеншілерге түскі ас кезінде тамақтануға арнайы уақыт берілмей, жер астында тамақтануға мәжбүрлеген. Осылайша, құзырлы мекемелер заң бұзушылыққа жол берген жеті адамды құрықтады. Олардың арасында Эрменек көмір кенішінің қожайыны Саффет Уяр, қазба жұмыстарына жауапты компания директоры Абдуллах Өзбей есімді азаматтар бар.

Еске салайық, 28 қазанда Түркияның оңтүстігіндегі шахтада жарылыс болып, түске ас ішуге жиналған 26 кеншінің он сегізі жер астында қалған болатын. Олардың алғашқы екеуінің денесі 10 күннен кейін табылды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ