$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Астанада «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

AstanaTV
08.12.2014ж. 13:00
1540
Астанада «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына шуақ сыйлаған «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды. Аталмыш сыйлық осымен жетінші жыл қатарынан беріліп келеді. Ол мәдениет, спорт, білім, эстрада салалары және қолданбалы өнердің барлық түрлері бойынша жоғары жетістікке жеткен мүгедектерге табысталады. Дәстүрлі шара «Шексіз мүмкіндіктер-2014» халықаралық акциясының және «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының аясында ұйымдастырылды.

Ағаштан түйін түйген шеберлер мен майлы бояу мен қылқаламды сөйлеткен мына суретшілер кәсіби мамандар емес. Он екі мүшелері де сау емес. Бірақ олар, мүмкіндігіміз шектеулі екен деп өмірден түңіліп, үкіметке алақан жайып отырған жоқ. Олар мәдениет, спорт, білім мен эстрада салаларында кейбір сау адамның жүрегі дауаламайтын дүниелерді жасап, талантты екендерін танытуда. Ал мұндай шаралар кембағал жандар үшін өз мүмкіндіктерін паш етуге таптырмас алаң.

Дүйсенғали Оспанов, «Үміт» ҚҰ төрағасы:

Кейбір кісілер мүгедек жандар өздерінің істеймін деген шараларын істей алмай жатқанда осындай шараның көрсете біліп, осындай шаралар арқылы, сол кісілердің болашаққа деген өмірге деген ынтасын арттыру болып табылады. Бүгінгі таңда берешегі көп деп ойлаймын.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен дәстүрге айнала бастаған «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы 7 аталым бойынша табысталды. «Мүгедек жандардың өмір сапасын жақсартқаны үшін» сыйлығына Дүйсенғали Оспанов ие болды. Ол - өз өңірі Қостанайда кембағал жандардың қамын күйттеп жүрген белсендінің бірі. Оның айтуынша, мүгедектердің басты проблемасы - екі қолға бір кәсіп табу. Бұл ретте жұмыс берушілердің құлықсыздығы қынжылтады.

Жанат Омарбекова, «Қазақстан мүгедектері конфедерациясы» РҚБ президенті:

Жұмыспен қамту мәселесіне байланысты үлкен шаралар атқарылып жатыр. «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, осы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында 9 мыңнан аса адам қамтылды жұмыспен. Бірақ бұл аса көп емес. 650 мыңы мүгедек болса, 400 мыңы жұмыспен айналаса алады. Мемлекеттің заңы бар, әр жұмыс беруші 3 пайыз квотамен алу керек жұмысқа деген. Бірақ ол заң орындалып жатыр деп айта алмаймыз. Сол заң орындалу үшін, заңға өзгерістер енгізу қажет.

Кемтар жандарды жұмыспен қамтуда «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы айтарлықтай нәтиже беріп келеді. Мәселен, тек үстіміздегі жылы 430-ға жуық еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 15 мыңнан астам адам кәсіп тапқан. Сонымен қатар, партия бастамасымен мүгедектердің құқығын қорғау туралы заңға 70-тен астам ұсыныстар мен түзетулер енгізілді. Қазір заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Салтанатты шара барысында «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ойлап шығарған Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі картасының мобильдік қосымшасы таныстырылды. Аталмыш мобильді қосымшаның ерекшелігі - еліміздің әр қаласынан келіп түскен мәліметтер негізінде мүгедек жандарды қала инфрақұрылымындағы қолжетімді нысандар туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы Н.Назарбаев соңғы Жолдауында шектеулі азаматтарға мүмкіндікті біздің қоғам, ел болып, жағдай жасауымыз қажеттігін атап кетті. Сол себептен «Нұр Отан» партиясы тек қана осы жылмен тоқтамай, «Кедергісіз келешек» деген жобасын бастады. Біз жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүмкіндіктерді жасасақ, күннен-күнге олардың өмірінің сапасы көтеріледі деп сіздерді сендіргім келіп отыр.

«Жан шуақ» сыйлығынан 1,2 және 3-топтағы мүгедектер үміткер болды. Кемтар жандардың үміттерін жалғап, қоғамға қажеттіліктерін айшықтай түсетін мұндай байқаулардың ұйымдастырылуын кембағал жандар қуанышпен қабылдап, дәстүр үзілмесе екен дейді. Ресми дерек бойынша, елімізде бүгінде 650 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ