×

Өскеменде қарызы қордаланғандарға қарсы жаза қолданылуда

AstanaTV
09.12.2014ж. 10:00
1399
Өскеменде қарызы қордаланғандарға қарсы жаза қолданылуда

Борышкермен сөз қысқа. Өскеменде қарызы қордаланған азаматтарға қатысты шаралар қатаңдатылды. Қарызға белшеден батқанымен қоймай, одан құтылуға асықпаған көлік иелерін жолда тоқтатқан полицейлер олардың көлігін тартып алуға кірісті.

Тәртіп сақшылары бұл шараның борышкерлерге әсері болғанын айтады. Жол ережесін бұзғандардың үштен бірі айыппұлын уақытылы төлемейді. Заң бойынша ол 30 күннің ішінде төленуі тиіс. Бірақ айыппұлды төлемесе, үстемеақы қосылмайтынын, әрі әкімшілік жаза қолданылмайтынын білгендер қарызын өтемеуге әбден дағдыланған.

Эвакуаторға тиелген көлік бірден айыптұраққа аттанады. Жолы болмағандар көліктің осында тұрған уақытына да қосымша ақы төлеуі тиіс. Мамандар, көлігінен айрылған жүргізушілердің тез «түзелетінін» айтады. Акция басталғалы бері айыппұлдарды төлеу екі есеге артқан. Көлік иелері айыппұлды тез төлегендерге жеңілдіктер қарастырылса дейді.

Данияр Қасенов, Өскемен қалалық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы:

Біздің талабымызды ескермейтіні соншалық, олар айыппұлды уақытында төлемейді. Тіпті, өзіне айыппұл салынғанын естен шығарған ұмытшақ жүргізушілер да бар.

Жандос Шарипов, көлік жүргізушісі:

Полицейлердің бұл ісі, көтере алмасаң, қосып арқала дегендей болып отыр. Бірақ, айыппұлды төлеу керек. Көлігің айыптұраққа қамалғасын, әлбетте шығын кем дегенде екі есеге өседі. Сондықтан, айыппұлды төлеп тастап, алаңсыз жүргенге не жетсін?

Еркін ҚАРИН