$487.81 €527.62 ₽5.02
×

Берёзовкалық балалар енді саулығын шипажайда түзейді

AstanaTV
10.12.2014ж. 10:00
1241
Берёзовкалық балалар енді саулығын шипажайда түзейді

Белгісіз газдан уланған Берёзовка ауылының балалары денсаулығын шипажайда түзейтін болады. Батыс Қазақстандық балғындардың алғашқы легі ем-дом алу үшін Ақжайық шипажайына аттанды.

Автобуспен жеткізілген 20 оқушыны алдымен дәрігерлер қабылдады. Оқушылардың денсаулығын жіті тексерген олар, әрқайсысын жеке-жеке емдейтін болып шешті. Шипажай бөлмелеріне екі-үштен бөлініп орналасқан жеткіншектер арнайы ем-шараларын қабылдап, он күн тынығады. Облыстық білім басқармасының берёзовкалық балаларды шипажайда емдету туралы бастамасын жергілікті кәсіпкерлер қолдап, бүкіл шығынды көтерді. Ауылда қалған өзге оқушылар шипажайға Жаңа жыл мерекесінен кейін келеді. Олар тек тынығып қоймай, осы жерде сабағын жалғастыра алады.

Нұрлан Сабыров, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

Оқудан қол үзбеу мақсатында жалпы керек мұғалімдерге оқушылар келіп жатқан негізінен 7-8 класс оқушылары. Солармен оқу бағдарламасынан қалмау үшін түрлі тапсырмалар беріп, оқу жалғасын табатын болады. Аталған мектептен оқушылар қысқы каникул кездерінде келіп, демалып, сауықтыру шараларын алатын болады.

Айта кетелік, 28 қарашада Батыс Қазақстан облысындағы Берёзовка ауылында 28 оқушы мен 4 мұғалім сабақ үстінде әлсіреп, ауруханаға түскен еді. Аяқ-қолы жансызданып, басы айналған олар, дәрігерлердің алдын ала болжамы бойынша белгісіз газдан уланған. Осыдан кейін арнайы штаб құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Ауыл тұрғындары бұл жағдайға іргедегі Қарашығанақ кенішін кінәлады. Прокуратура оқиға болған күні кеніште ауаға газ таралғанын растап отыр.

Еркін ҚАРИН